Ағашорын ауылының тұрғыны Балғабай Бакишев – «Замандас» шаруа қожалығын сонау 1997 жылы ашқан кәсіпкер. Алғашқыда суармалы егіншілікпен айналысуды қолға алған қожалықта бүгінде ірі қара да өседі. Әу баста 2,5 мың гектар жерге егін еккен қожалықтағы егістік көлемі бүгінде 12,5 мың гектарды құрап отыр.
Кәсіпкер 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, мал шаруашылығын қолға алады. Кейін тағы да осы бағдарламамен ірі қара санын асыл тұқымды малмен көбейтеді. Қазіргі уақытта шаруашылықта етті бағыттағы 300-ге жуық ірі қара бар.
– Биыл көктемгі егістік жұмыстарын жауын-шашынға байланысты 25 мамырда бастаған едік. Кеш бастасақ та, уақытылы аяқтадық. 12,5 мың гектарға бидай, сұлы, қарақұмық, зығыр, арпа, жүгері, күнбағыс себілді. Күзде қамбамыз астыққа толады деген үміттеміз, – дейді кәсіпкер.
Ауылшаруашылығы саласында мол тәжірибе жинаған Балғабай Бакишев осы салаға ұлдарын да баулуда. Үлкені Дәурен «Нива» шаруа қожалығын басқарады. Екінші ұлы Дәулет қожалықта агроном болып еңбек етеді.
– Ұлдарым менің кәсібімді жалғастырып келеді. Жасым 60-қа жақындады. Оларға ауылшаруашылығы саласының қыр-сырын үйретудемін. Жоғарыда айтқан 12,5 мың гектар жерде балаларымның да үлесі бар. Дәуреннің қожалығына 3 мың гектардан астам жер тиесілі. Үлкен ұлыма ауылдан екі қабатты үй тұрғызып берген едім. Екі ұлымнан бүгінде 6 немере сүйіп отырмын. Екінші ұлым Дәулет өзі меңгерген мамандығына байланысты қожалықта бас агроном болып қызмет атқаруда, – дейді Б.Бакишев.
Бүгінде «Замандас» шаруа қожалығы жергілікті үш қожалықпен бірлесіп еңбек етуде. Мұндағы жұмысқа Балғабай Қайеркенұлы басшылық етеді. Бүгінде 4 қожалықта 4 тарактор және 4 себу кешені жұмыс істейді. Онда 12 адам кезек бойынша жұмыс істейді. Әр тракторға үш адам бекітілген. Олар кестеге сәйкес күні-түні жұмыс істейді. Балғабай Бакишев Омбы автокөлік техникумын, Киров атындағы Омбы ауылшарушылығы институтын бітірген. Оқуды тәмамдаған соң, ауылға келіп, көлік гаражын басқарып, бас инженер болып еңбек еткен.
– Жастайымнан ауылшаруашылығы саласын жақсы көрдім. Мамандық меңгердім. Шаруа қожалығын аштым. Отбасылық кәсіпті балаларым игеруде. Екі ұлым да әке жолын қуып, маған қожалықта қолғабыс етуде. Қазір жұмыс істеймін деген жастарға ауылда да мол мүмкіндік бар. Елді мекендегі үйлер қаладағыдан кем емес. Бәрі автоматтандырылған. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы саласына көңіл бөлініп, субсидия алуға жеңілдіктер жасалса деген тілегім бар, – дейді кәсіпкер.
Атап өтерлігі, Балғабай Бакишев – ауылдағы азаматтармен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауылға жарық тартып, мектеп, дәрігерлік бөлімшенің жұмыс істеуіне бір кісідей атсалысқан жомарт жан.