Отан қорғау – ерлердің парызы

0 2

Жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке баулу, патриоттық, ел жандылық рухта тәрбиелеу «Алғашқы әскери дайындық» кафедрасының негізгі міндеті. Ақыл-ойлық, ер-жігерлік, күш-қуаттылық, сөзге тоқтамдық, өзін-өзі ұстай білушілік, табандылық, кәсіпқойлық пен қаһармандық кафедра білімгерлерінің ұстанатын қасиеттері болып табылады. Әрбір ер азамат осы мамандықты игеруі тиіс. Әскери мамандық өз қажетілігін еш уақытта жойған емес. Болашақ патриоттарды тәрбиелейтін әскери жетекшілер даярлауда.

Жаңа оқу жылынан бастап кафедрада бірқатар үйірме жұмыс істеп келеді. Атап айтсақ, кафедрада әскери бетпе-бет айқас әдіс-тәсілдерін үйрену мақсатында «Айбын» үйірмесі жұмыс істейді. Оған өзім жетекшілік етемін. Таулы жерлерде ұрыс-қимылдарды, барлауды үйрену бағытында «Сұңқар» үйірмесі құрылған, оған майор шеніндегі К.Карабалаев жетекшілік етеді. Ал орыс топтарында капитан шеніндегі оқытушы Д.Тұрсынбековтің жетекшілігіндегі «Үздік сапта жүруші», майор шеніндегі А.Зыряновтың «Мерген» үйірмелері де студенттер дайындықтарын пысықтап, шеберліктерін арттыруда. Аталған үйірмелерге қатысатын студенттер облыстық қана емес республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Жас ұрпақты Қазақстандық патриоттық рухта, ұлтжандылыққа тәрбиелеу негізінен «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларына жүктелетіні белгілі. Университеттегі «Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» және «Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» факультеттерінде білім алып жатқан 395 студентке 14 мұғалім, 3 доцент, 8 аға оқытушы, 3 оқытушы дәріс беруде.

Осы мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер жаңа оқу жылында республикалық пәндік олимпиадалармен қатар облыстық «Тараз тарландары», «Айбын», «Сұңқар», «Әскерленген эстафета» әскери-спорттық ойындарда топ жарып, жеңімпаз атанды.

Қазіргі таңда «Алғашқы әскери дайындық» кафедрасының жанынан  жаңа үлгідегі оқу-материалдық жабдықтармен жабдықталған зертхана жұмыс істеуде. Зертханада электронды-оптикалық автоматпен ату, көздеу тағы басқа бірнеше тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде.

Бізде студенттерге қойылатын талап жоғары. Мәселен, соңғы жылдары бұл мамандыққа түсуге деген жастардың қатары артып келеді. Атап айтсақ, «Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» және «Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары бойынша жоғарғы оқу орнына түсу үшін  ҰБТ тапсыру 5 рет өткізіледі. Осы аталған білім беру бағдарламасына тапсыру бойынша тек екі пәннің балы есепке алынады. Қазақстан тарихымен оқу сауаттылығы  бойынша әрқайсынан 5 балдан кем болмау қажет. Соған қоса 2 шығармашылық емтихан (спорт нормативтері, спорттық ойындар)  тапсырады. Осы емтихандардың қорытындылары бойынша оқу орнына қабылданады. Жоғарыда айтқанымыздай біздің студенттер болашақта маман атанып қана қоймай, жас ұрпақты мектептерде отанымызды сүюге, ел патриоты болуға тәрбиелейтіні сөзсіз.