Түркістан облысында Республика күні кең көлемде аталып өтуде

0 3

Түркістан облысында 25 қазан – Республика күніне арналған мерекелік бағдарлама аясында 120-дан астам мәдени, қоғамдық, спорттық және танымдық іс-шара өткізу жоспарланған. Бағдарлама тұрғындарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыруға, ел тарихына құрметті арттыруға және өңірдің қоғамдық өмірін жандандыруға бағытталған.

Мерекелік шаралар 23 қазанда басталды. Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шейх Мұхаммед бин Заид Әл Нахаян атындағы перзентхана ашылып, қала тұрғындары мен қонақтарына «Жайнай бер, Түркістан!» гала-концерті ұсынылды. Бұдан бөлек, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде еліміздің егемендік кезеңіндегі дамуы мен жаңғыруына арналған дөңгелек үстел өтті.

Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Turkistan Marathon – 2026» халықаралық марафонына қатысатын қазақстандық және шетелдік спортшылар ағаш отырғызу шарасына қатысуда. Университетте жастардың мемлекетшілдік көзқарасын қалыптастыруға арналған ғылыми конференция да өткізіледі.

Ал 25 қазанда Сарыағаш қаласында жаңғыртылған орталық стадион пайдалануға беріледі. Түркістанда бұқаралық марафондық жүгіру ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтеді.

Мерекелік бағдарлама аясындағы бұл бастамалар ел бірлігін нығайтуға, саламатты өмір салтын насихаттауға және жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Республика күні өңір тұрғындары үшін ұлттық мақтаныш пен ортақ болашаққа деген сенімді дәріптейтін маңызды мерекеге айналмақ.