Өңір тойы тойланды

0 8

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай жыл басынан бері барлық аудандар мен облыс орталығында есімі елге белгілі жамбылдықтардың қатысуымен мерейтойлық іс-шаралар өтіп жатыр.

Мерейтойдың қорытынды кезеңі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде жалғасын тапты. Мерекелік іс-шараға еліміздің әр түкпірінен мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, өңірден шыққан мәдениет майталмандары қатысты.

Алдымен құрметті қонақтар мерейтойға орай тігілген ақшаңқай киіз үйлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, қолөнер бұйымдары мен ұлттық дәмдері қойылған көрмені тамашалады. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған алтын және керамикалық бұйымдарды, ежелгі руна жазуының көшірмелерін көпшілік назарына ұсынды. Бұдан соң көрме залында өңірдегі айтулы оқиғалар, экономикалық өсімдер мен түрлі саладағы толайым жетістіктер топтастырылған бейнефильм жиналған қауымға ұсынылды. Сонымен қатар, Жамбыл облысының тарихы мен рухани мұрасына негізделген кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды айшықты оқиғамен құттықтай отырып, облыс осы уақыт бедерінде түрлі қиындықтарды еңсеріп, елеулі белестерді бағындырғанын атап өтті.

– Жамбыл жері – құдіретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Қазақ хандығы іргесін көтеріп, туын тіккен киелі жер. Бұл өлке айыр көмей ақындарымен, орақ тілді шешендерімен, саз балшықтан сәулет өрген шеберлерімен, ғұлама ойшылдарымен, шежірелі қарттарымен, адал да ақкөңіл еңбекқор жандарымен мақтана алады. Жарқын істердің, берекелі бастамалардың жаршысы болған Жамбыл облысының келешегі кемел, болашағы бұдан да баянды болатынына сенімім зор. Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі мекеннің 85 жылдық тойы құтты болсын! — деді облыс әкімі.

Президент Жарлығына сәйкес түрлі сала мамандарына мемлекеттік наградалар, атап айтқанда «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғысхаты салтанатты түрде табысталды. Бұдан бөлек, кәсібилігімен көзге түсіп, еңбекте зор жауапкершілік танытқан тұрғындар «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» белгісіне, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхатына ие болды.

Сондай-ақ, Ербол Шырақбайұлы облыстың 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Туған өлкем – Жамбылым!» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне марапаттар табыс етті.

Сонымен қатар, «Мәдениет – асыл қазынам» мәдениет күндерінің қорытындысы бойынша үздіктер марапатталды. Талас ауданы бірінші орынды қанжығасына байласа, Жамбыл ауданы екінші орынды еншіледі. Қос ауданның шығармашылық ұжымына шағын автобус сыйға тартылды. Ал, үшінші орынның тұғырынан көрінген Байзақ және Сарысу аудандары арнайы техникаға ие болды.

Салтанатты іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.