Өндіріс өссе, өңір өркендейді

0 19

Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жаңа өндіріс пен инновациялық жобалар – экономикалық өркендеудің негізі» тақырыбында брифинг өткізді.

– Облысымызда өнеркәсіп саласында 859 кәсіпорын жұмыс
істеуде. Бұл кәсіпорындарда өткен жылы 847,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Облыстың өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібі басымдыққа (71,2 пайыз) ие, ал тау-кен өндірісі – 12,6, электрмен жабдықтау 15,5 пайыз үлесті алып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында баса айтқан еліміздің жалпы ішкі өнімінің жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуін қамтамасыз ету үшін салада       бірқатар қарқынды шаралар атқаруымыз қажет, – деді   басқарма басшысы.

Бұл орайда мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану арқылы жаңа өндіріс орындарын ашуға инвестиция тартуды одан әрі жандандыру міндеті тұрғанына тоқтала келе, 2027 жылға дейін құны 2,5 триллион  теңгені құрайтын 70 жобаны іске қосып, 6362 жұмыс орнын ашу жоспарланғанын атап көрсетті. Олардың қатарында «ЕврХим Қаратау» (400 миллиард теңгеге минералды тыңайтқыштар өндірісі), “Qazaq soda” (144 миллиард теңгеге кальцийлендірілген сода өндірісі), «Корцем» (50 миллиард теңгеге цемент өндірісі), «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» (30 миллиард теңгеге химиялық қосындылар), “ZHANASHYRPROJECT» (67 миллиард теңгеге тау-кен өндірісі), «Тас Маркет» (50 миллиард теңгеге кремний өндірісі) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің ірі инвестициялық жобалары бар. Аспандияр Сейсебаев аталған жобалар облысымыздың экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етіп қана қоймай, озық технологиялар енгізіп, қауіпсіз өндіріс құрулары қажет екенін де еске салып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды да тарқатып айтып берді.

  Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев та хабарлама жасап, палата тарапынан атқарылған және алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстардан хабардар етті.

Басқарма басшысы мен палата директоры бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарды.

Назерке ҒАЛЫМ