Семей қаласында спорт пен білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған үш ірі жобаның құрылысы жүріп жатыр. «Абайға құрмет» акциясы аясында Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қарағайлы ықшам ауданында инклюзивті спорт орталығы мен 1400 орынды Binom мектебі салынуда. Облыс әкімі Берік Уәли құрылыс алаңдарын аралап, жұмыстардың барысымен танысты.
Мирный кентіндегі спорт кешені «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы қаржыландырылып жатыр. Екі қабатты, жалпы ауданы 2000 шаршы метр болатын ғимаратта спорттың бірнеше түрімен айналысуға жағдай жасалады. Жобаға сәйкес, мұнда күрес және бокс залдары, тренажер бөлмесі, сондай-ақ 100 көрерменге арналған трибуна қарастырылған.
Қазіргі уақытта нысанда ғимараттың шатырын жабу, сэндвич-панельдерді орнату және ішкі инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс алаңында 35 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Мердігер ұйым нысанды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Ал Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешені «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынуда. Аумағы 2057 шаршы метр болатын орталық ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қоса алғанда, тұрғындардың әртүрлі санатына спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Мұнда әмбебап спорт залы, адаптивті дене шынықтыру бөлмесі, бочча залы, үстел теннисі мен үстел ойындарына арналған орындар қарастырылған. Кешен бір мезгілде 130 адамға дейін қабылдай алады. Қазір құрылыс алаңында жерді жоспарлау, топырақты тығыздау және металл конструкцияларын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Қарағайлыдағы тағы бір маңызды жоба – 1400 оқушыға арналған Binom мектебі. Төрт қабатты білім ордасының жалпы ауданы 12 202,95 шаршы метрді құрайды. Жобада заманауи оқу кабинеттері мен зертханалар, спорттық және мәдени іс-шараларға арналған кеңістіктер қарастырылған. Бүгінде ғимараттың темірбетон бағаналары мен жабын плиталарын арматуралау және бетондау жұмыстары жалғасуда. Құрылысқа 70 адам тартылған, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.
Аймақ басшысы үш жобаның да қала тұрғындары үшін қажеттілігі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мирный кентіндегі спорт кешені балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашса, Қарағайлыдағы инклюзивті орталық спортпен айналысуға тең мүмкіндік қалыптастыруға ықпал етеді. Ал жаңа мектеп аудан халқының көбеюіне байланысты білім беру орындарына түсіп отырған жүктемені азайтуға бағытталған.
– Мирный кентінде мұндай дене шынықтыру-сауықтыру кешені бұрын болмаған. Қарағайлыдағы инклюзивті спорт орталығы да өңірімізде алғаш рет салынып жатыр. Бұл ауданның тұрғындары жыл сайын артып келеді, сондықтан заманауи мектептерге сұраныс жоғары. Ең бастысы, басталған құрылыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауымыз керек. Жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстаймыз, – деді Берік Уәли.
Жобалардың іске асуы Семейдегі әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейтіп, тұрғындардың спортпен шұғылдануына және балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Облыс әкімі мердігерлерге құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше мән беруді тапсырды.