ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ

0 1

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте тілшілер қауымымен жүздесіп, облыс орталығының даму стратегиясы туралы баяндады. Шаһар басшысының айтуынша, қаланың даму стратегиясы негізгі үш бөлімнен тұрады. Біріншісі «Мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» ҚР заңына сәйкес Ұлттық жобаларды, Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын орындау мақсатында Тараз қаласына бекітілген индикаторларды орындау. Екіншісі –  халықты тұрғын үймен, жер телімдерімен, әлеуметтік нысандармен, қажетті инженерлік-инфрақұрылыммен  қамтамасыз ету мақсатында бюджет қаражаты есебінен 2022-2024 жылдары жүзеге асырылатын жобалар. Үшінші бөлім – халықтың табысын арттыру, тұрақты жұмыс орындарын ашу, бюджет түсімдерін көтеру мақсатында өнеркәсіп орындарын ашу, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту.

Нысаналы индикаторлар ойдағыдай орындалуда

«Облысымыздың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасында Тараз қаласына тиесілі 124 нысаналы индикатор қарастырылған. Даму бағдарламасындағы өнеркәсіптік әлеуетті және тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, халықты жұмыспен қамту, инфрақұрылымды дамыту және т.б. көрсеткіштер жоспарлы түрде орындалуда», деген Ержан Жұматұлы негізгі индикаторлардың орындалу жайына тоқталды.

Қалада өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 2025 жылға қарай 378 млрд. теңгеге жеткізу көзделген болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 289,2 млрд. теңгені құраған. Көрсеткіш 2022-2023 жылдары жалпы құны 17,6 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны және «Тараз» индустриалды аймағын» іске қосу есебінен орындалмақ. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 2025 жылға қарай 125,2 пайызға дейін арттыру жоспары да жоғарыда аталған инвестициялық жобалар мен бюджеттік инвестициялар есебінен орындалады.

Ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 17,8 млрд. теңгеге жеткізу қажет болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 12,9 млрд теңгені құрапты. Қазіргі таңда шалғай тұрғын алабтардағы кәсіпкерлікті дамыту аясында 100 жоба бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында Тараз қаласында мал шаруашылығы бойынша бес жоба, құс шаруашылығы бойынша бір жоба және екі кондитерлік цех ашу жобасы жүзеге асырылмақ.

Индикаторларда халықтың нақты ақшалай табысын 226,9 мың теңгеге жеткізу көзделсе, өткен жыл қорытындысы бойынша орташа жалақы 175,2 мың теңгені, 2022 жылғы І-ші тоқсанның қорытындысы бойынша 206,7 мың теңгені құрап отыр. Яғни 2024 жылдың жоспары қазірдің өзінде асыра орындалып отыр.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданын 564,4 мың шаршы метрге дейін жеткізу қажет. Бүгінгі таңда 15-шағын ауданда 36 кредиттік, 6 арендалық  тұрғын үйдің – барлығы 42 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек сараптаманың оң қорытындысы алынған 19 кредиттік тұрғын үйдің мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде, 25 көпқабатты тұрғын үйдің ЖСҚ әзірленуде. «Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, көрсеткіш орындалатын болады», – деді спикер.

Халықты ауызсумен жабдықтау қызметін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Казіргі уақытта ауызсумен қамтылған халықтың үлесі 91 пайызды құрап отыр. Биыл қалада 3,3 млрд теңгеге сумен қамтамасыз ету бойынша 12 жоба жүзеге асуда. Аталған жобаларды іске асыру арқылы жоспар орындалады деп күтілуде.

«Қалалардағы шайынды суларды тазарту деңгейін 100 пайызға жеткізу көзделген. Бұл көрсеткішті орындау үшін кәріздік тазарту имаратының құрылысын салу қажет. Өткен жылы кәріз суларын тазарту қондырғысын салу Үкімет деңгейінде бірнеше рет көтеріліп, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен мәжілісте қалаларда шайынды суларды тазалау имаратын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салудың екі тетігі мақұлданды (сервистік келісімшарт және коммуналдық сумен жабдықтау мекемелерін жеке әріптеске (инвесторға) сенімгерлік басқаруға беру). Бүгінгі таңда құрылыс комитетінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламалық құжаттарын әзірлеуде», – деді қала басшысы.

Он жыл қиналғандар жарыққа жетті

Ержан Жұматұлының айтуынша, екінші бөлім бойынша, былтыр инфрақұрылымды дамытуға барлығы 38,8 млрд теңге бөлініп, жүзден аса жоба жүзеге асырылыпты. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 2,4 млрд. теңге қарастырылып, тоғыз нысан іске қосылған. Соның ішінде қалаға қосылғандарына он жылдан аса уақыт өтсе де жарықсыз қиналған «Құмшағал», Шөлдала, Көлтоған, Қызыл-Абад, Казарма тұрғын алабтары мен 28 саяжайға 222,2 шақырым электр желілері тартылған. Осы орайда шаһар басшысы әлеуметтік желіде, тұрғындармен кездесуде осы жаңа электр желісінің қашан іске қосылатыны туралы сауал ылғи да түсіп жататынын айта келіп, бұл аумақтарды қаланың электр желісіне толық қосу үшін дербес подстанция қажет екендігін, оның сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын, республикалық бюджеттен қаражат бөлінсе, құрылыс келесі жылы басталатынын түсіндірді. «Бірақ біз оған дейін ТГЭС-пен келісе отыра, уақытша электр желісін тартып, шетінен қаланың электр желісіне қосып жатырмыз. Қазір Қызыл-Абад алабы толық қосылды, бүгінде Жиделі, Көлтоған алабтарын қосу жұмыстары жүргізілуде. Содан кейін 28 саяжайды ретімен қосу жұмыстары іске асады», – деді спикер.

Иә, атқарылған жұмыстар аз емес. Ал алдағы жоспар одан да ауқымды. Тараздықтардың сұраныстары негізінде инфрақұрылымды дамытудың үш жылдық жол картасы бекітіліпті. Онда ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған, қоғам наразылығын тудырған, тұрғындар тарапынан көтерілген ең қажетті көше жолдарын жөндеу, көше жарығын орнату, су құбырын жүргізу, аулаларды абаттандыру, балалар ойын алаңдарын салу, арықтар мен лоток жүйелерін қалпына келтіру, каналдар арнасын тазалау жұмыстары қамтылған.

Жалпы биыл Таразда 60 млрд теңгеге 450-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде 3,7 млрд теңгеге Тараз қаласында оқушылар сарайы, “Шалғай Қарасу”, Арай, “Барысхан”, Асқаров, Казарма тұрғын алабтарында, 15-шағын ауданда сегіз мектеп ғимараты салынбақ. Нәтижесінде 10 мыңнан астам баланың заманауи білім алуына жағдай жасалып, үш ауысымды мектептер мәселесі шешілетін болады. Жалпы 2,4 млрд теңгеге облыстық онкологиялық диспансердің құрылысы аяқталып, 150 орынды мүгедектерді оңалту орталығы салынады. Бұл 5 мыңдай тұрғынның сапалы медициналық қызмет алуына, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ 6,2 млрд теңгеге 15 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіледі. Сөйтіп 40 мыңнан астам қала тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп, таза сумен қамту үлесі 91 пайыздан 99 пайызға дейін артады. 1,1 млрд теңгеге электр бағанасы бар 124 көшеге түнгі жарық шамдары орнатылады. Нәтижесінде жарықтандырылған көшелер саны 22 пайыздан 31,5 пайызға дейін жетеді. 25 мыңға жуық тұрғынның өмір сүру сапасы артып, қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. 20,9 млрд теңгеге 42 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 2820 отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі. 661,4 млн. теңгеге “Көне Тараз” тарихи этно-мәдени кешені аумағында полицияның тірек пункті, Тектұрмас кешенінде “Ежелгі бекініс” құрылысы, ҰҚҚ шекара қызметінің ғимараты, “Тектұрмас” алабында биотермиялық шұңқыр құрылысы, Асқаров көшесінің аяғында қаңғыбас жануарларға питомник құрылысы салынбақ.

Тараз қаласындағы 1330 көшенің 1037-сінде жарық шамдары орнатылмаған. Биыл  123 көше жарықтандырылады. 2,04 млрд теңгеге 34 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы асфальт жолдардың үлесі 86 пайыздан 94 пайызға дейін артады. 2,0 млрд теңгеге жүз аула заманауи және соңғы үлгіде абаттандырылады. 3,4 млрд теңгеге 59 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіледі.

Одан бөлек «Таразға тарту» жобасы аясында Жеңіл атлетика манежі, Өнер үйі, Бокс орталығы,  Мұз аренасы, Волейбол орталығы, Үлкен теннис орталығы, Оңалту орталығы, Иппотерапия, Визитцентр, Жастар үйі, Неке қию сарайы, Ипподром және Ойын-сауық орталығын салу жоспарланып отыр екен.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатынын айтқан қала әкімі 2023 жылы қалада 71,2 млрд теңгеге 250-ден астам жобаны, 2024 жылы 67,2 млрд теңгеге 200-ден астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Тараз» индустриалды аймағына қатысуға ниеттілер көп

Өнеркәсіп саласын дамыту мен инвестиция тарту қамтылған үшінші бөлім бойынша да ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда 2022-2023 жылдары жалпы құны 17,6 млрд теңгені құрайтын алты инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар: «Kisc» ЖШС-ының «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы, «Alina Group» ЖШС-ының «Тараз қаласындағы өндірістік базасын кеңейту және жаңарту» жобасы, «Дәмді себет» ЖШС-ының «Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндіруді ұйымдастыру» жобасы, «СП-Тараз PET» ЖШС-ының «Полиэтилентерефталат рециклингу бойынша зауыт салу» жобасы, «Alima Delux» ЖШС-ының «Тұрмыстық техника зауыты» жобасы, «Оргэлитстройсервис» ЖШС-ының «Қант қызылшасы мен мелассаны терең өңдеу арқылы қант өндірісі» жобасы. Ағымдағы жылы оларға қосымша  бес жоба ұсынылыпты. «Кульжанов» ЖК құрылыс материалдарын өндіруге арналған жабдықтар, «Асимус» ЖК ортопедиялық матрастар мен жастықтар, «L-Вита Темп Строй»  ЖШС-ы пескоблок және бетон араластырғыш қондырғы шығармақ, «Береке» ШҚ-ы жылыжай мен монша құрылысын, «Қалымбетов Жандос» ЖК-ы құс фермасы құрылысын жүргізуге ниетті.

Ержан Жұматұлы өз сөзінде Тараз қаласының өндірістік аймағынан «Тараз» индустриалды аймағын құру жайына да тоқталды. «Ол үшін жалпы ауданы 184,6 га жер телімі анықталды. Бүгінгі күні Басқарушы компанияға барлық жер учаскелері рәсімделді. Электрмен, газбен, сумен жабдықтау, су бұру, теміржол, байланыс және интернет жүйесіне қосылуға, сондай-ақ «Тараз» индустриалды аймағы үшін автомобиль жолдарын салуға және реконструкциялауға техникалық шарттар алынды. Техникалық-экономикалық негіздеменің алдын ала есептемелеріне сәйкес, «Тараз» индустриалды аймағының инженерлік-көлік инфрақұрылымы құрылысының жалпы құны 10,5 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда, техника-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін, кезең-кезеңімен жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылатын болады», деген спикер бүгінгі таңда «Тараз» индустриалды аймағына 54,8 млрд. теңгені құрайтын үш жоба қатысушы болып табылатынын айтты. Олар: ЖК «TBALLoysKazakh Limited» ферросилиций өндіру – 54,5 млрд теңге, «НУР ХИМ 2021» ЖШС-ы трикотаж және тігін бұйымдарын өндіру – 105 млн. теңге, «НУР ХИМ» ЖШС-ы аралас минералды тыңайтқыштар өндіру – 160 млн. теңге. Ал құны 5,5 млрд. теңгеден асатын 12 жоба қызығушылық танытып отыр екен. Олар: «Үшарал» ЖШС-ы темір-бетон бұйымдарын өндіру, «ЭКО-РБК» ЖШС-ы медициналық қалдықтар мен өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату, «Тау» тәжірибелік-механикалық зауыты ЖШС-ы өндірістік қуаттарды кеңейту, құю цехы, «AR Adhesion» ЖШС-ы құрғақ құрылыс қоспаларын, бетон бұйымдарын өндіру және гранитті өңдеу, «StroiServisExpo» ЖШС-ы әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, «Алмалы инжиниринг» ЖШС-ы суды есепке алу аспаптарын шығару, ЖК «Автогрант» автомобильдерге арналған тосол, антифриз және шыны жуғыш автохимия өндірісі, ЖК «Бердібаев» газобетон блоктарын өндіру, «Novacomtehnology» ЖШС-ы турникеттер өндірісі, «TarazClass» ЖШС-ы құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, «ЭТК Казсланец» ЖШС-ы астық өңдеудің биотехнологиялық кешені, «Ferrolabs-KZ» ЖШС-ы көміртегі массасын өндіру.

Қала әкімі шаһарда кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жоспарлы жұмыстардың атқарылып жатқанын атап көрсетті. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қалада кәсіпкерлікті дамыту және импортты алмастыру бойынша Жол картасы әзірленген. Оған сәйкес тоқсан сайын тауар өндірушілер арасында сауалнама жүргізіліп, қорытындысы бойынша проблемалық мәселелердің тізімі жасалып, шешу жолдары қарастырылады. Мысалы 32 тауар өндіруші арасында жүргізілген сауалнама олардың айналым қаражатының жеткіліксіздігі, өндірілген тауарды өткізу қиындықтары, қажетті мамандардың тапшылығы, шикізат тапшылығы, әкімшілік кедергілер, несиені қайтару қиындықтары сияқты өзекті мәселелерін айқындап беріпті.

Сондай-ақ 2022 жылға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бойынша 11178 адамды жұмыспен қамту, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жыл сайын 500-ге жуық азаматқа (жастар мен осал топтар) мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру жоспарлануда екен. Ал шалғай тұрғын алабтарындағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 100 жоба бастамасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда оның 42 жобасы іске асырылған.

Бас жоспар және шаһар болашағы

Ержан Жұматұлы Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленіп жатқанын да айтты. Оның жөні де бар. Қала аумағы да, тұрғындарының саны да өсіп келеді. Қазіргі уақытта қала аумағы 18787 га құраса, жобалау аумағы 30542 га құрайды. Былтыр өткен халық санағы қала халқының саны 420757 адамға жеткенін көрсеткен. Ал статистикалық мәліметтер бойынша халық саны – 368183 адам.

Жаңа Бас жоспар бойынша Тараз қаласының құрамына Жамбыл және Байзақ аудандарынан көлемі 10,4 мың га, халық саны 44,5 мың адамды құрайтын 14 елді мекен мен екі саяжай алқапты енгізу қарастырылып отыр екен. Олар: Байзақ ауданынан Талас, Қызыл жұлдыз ауылдары мен Талас стансасы, Жамбыл ауданынан Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танта, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Пригородное, Кемел, Түрксіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым ауылдары және Жамбыл ауданына қарасты «Дорожник», «Новоджамбулец» саяжай алабтары. Нәтижесінде халық саны 465 мыңнан асатындықтан қаланы екі ауданға бөлу ұсынылған.

«Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтады», деген қала әкімі бұл орайда Абай даңғылы Балуан шолақ көшесімен қиылысқан тұста салынатын теміржол үсті өтетін көлік жолы арқылы  халық арасында «За линией» аталатын аумаққа жалғастырылатынын, әл-Фараби көшесі оңтүстік бағытта Шалғай Қарасу алабына, солтүстік бағытта Қойшыбеков көшесімен жалғастырып айналма жолға қосылатынын, Қазыбек би көшесі Қарасу өзенінен көпір арқылы өткізіліп, Қ.Тұрысов көшесіне шығарылатынын, Ташкент көшесі Талас өзенінде салынатын көпір арқылы Қант және Кирпичный кенттеріне шығарылып, Алматы бағытындағы жолға қосылатынын, Көшек батыр көшесі 15-шағын аудан арқылы бас жоспар бойынша қала шекарасына енгізу көзделген Шайқорық ауылына дейін шығарылатынын, Сейфуллин көшесі жалғастырылып, Айша бибі көшесіне қосылатынын, Абай даңғылы солтүстік-батыс бағытта жер үсті көлік жолы құрылысы арқылы жалғастырылып, жобадағы 14-шағын аудан арқылы Алматы бағытындағы жолға қосылатынын жеткізді.

Сонымен қатар қаланың туристік әлеуетін дамыту мақсатында «Көне Тараз» қалашығы тарихи-сәулет кешені бағдарламасының жобасы әзірленіпті. Ол бойынша  қалашық келбетін қайта қалпына келтіру аумағы 20,0 га алқапты құрайды. Онда визит орталығы, шеберлер үйі, сандық кітапхана, шығыс базары, балалар ойын-сауық орталығы, облыстық мұрағат, неке сарайы, қазақ драма театры, археологиялық қазба аймағы, шығыс моншасы, этно ауыл, қонақ үй, мейрамхана, тұрғын үй кешендерін орналастыру жобалануда. Жобаны жүзеге асыру бюджеті 53,9 млрд. теңгені құрайды екен.