Мундра-Астана алғашқы контейнерлік пойызы жолға шықты

0 8

«Қазақстан темір жолы» ҰК” АҚ-ның еншілес компаниясы «Кедентранссервис» АҚ-ы Өзбекстанның «Узтемирйулконтейнер» АҚ және Түрікменстанның “ТКЛО” ААҚ-ымен бірлесіп, Үндістанның Мундра портынан Астана қаласындағы Сороковая стансасына керамикалық плиткалары бар жиырма футтық 12 контейнерді жөнелтті, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.

Алғашқы контейнерлік пойыз Иран, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстан аумақтары арқылы өтеді. Маршруттың ұзындығы теңіз арқылы 1585 шақырымды және темір жолы арқылы 4300 шақырымды құрайды. Жеткізу мерзімі – Бандер-Аббас (Иран) портының жүктемесіне байланысты шамамен 25-30 күн.

«Кедентранссервис» мамандарының айтуынша, тасымалдау “Солтүстік – Оңтүстік” дәлізінің шығыс бағыты бойынша контейнерлік сервисті дамыту шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл дәліз жеткізу мерзімдерін, тауарларды тасымалдау шығындарын едәуір қысқартуға және елдердің экспорттаушылары мен импорттаушыларының мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.