Мүмкіндігі шектеулі – ерік-жігері шексіз

0 2

Дүниежүзі бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету қоғамның  басты көрсеткіштерінің бірі. Әр адам өмірге тең құқылы келеді. Алайда, денсаулықтағы, қозғалыстағы немесе сезім мүшелеріндегі шектеулер олардың қоғамға толық араласуына кедергі келтіруі мүмкін. Осындай жағдайда мемлекет пен қоғамның басты міндеті ерекше жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін ашуға жағдай жасау.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға ең маңызды қолдаулардың бірі түрлі жабдықталған, арнайы білімі бар мамандармен толықтырылған орталықтар ашу. Себебі, арнайы мамандардың көмегі арқылы өз қабілеттерін толық дамытып, болашақта қоғамның белсенді мүшесіне айналу.

Осы орайда, қоғамның көзқарасы да шешуші рөл атқарады. Себебі, мұндай адамдарға аяушылықпен емес, құрметпен қарап, қабілетін жоғары деңгейде санау абзал. Олар, ортаның ең әлсіз мүшесі емес, қайта еліне үлесін қосатын құқылы Республика азаматтары. Кейде қарап отырсаңыз мүмкіндігі шектеулі жандар өте өнерлі болып келеді. Мысалы, спорт, сурет, би, аспаздық және тағы да басқа қабілеттері адамды таңдай қақтырады. Тіпті, әлемдік паралимпиада да еліміздің намысын қорғап, қанжығаларына алтын, күміс жүлделерді байлап жүрген мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз еліміздің мақтанышына айналып отыр.

Келесі кезекте, мүмкіндігі шектеулі жандарға да барлық азаматтар сияқты   тегін медициналық көмек ұсынылады. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және бейінді денсаулық сақтау жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекет тарапынан  бөлінетін жәрдемақылар мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықты өмір сүруге, жағдай жасауға, денсаулығын жақсартуға берілетін көмек. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, реабилитациялық емдеу орталықтары және техникалық көмек құралдары да осы жандарға мемлекеттен берілетін қажеттілік.

Мүмкіндігі шектеулі жандар – әлсіз емес, керісінше, өмір сынақтарына қарсы тұра алатын мықты тұлғалар. Оларға тең мүмкіндік беру, әділетті қоғамның басты белгісі. Біз бір-бірімізге қолдау көрсеткенде ғана шынайы дамыған ел бола аламыз. Алайда, адами жанашырлық пен құрмет қоғамымызда үлкен рөл атқарады. Қарапайым түсіністік пен қолдау адамның өмірін жақсы жаққа өзгертіп, алдыға жылжуға мүмкіндік беруі мүмкін.