Меморандумға қол қойылды

0 3

Аймақ компанияларының мұнай саласындағы ірі оператор «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» компаниясымен серіктестігін кеңейту перспективаларын талқылау үшін өңірге бас директор Марко Марсили бастаған консорциум делегациясы келді. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімдігімен меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Делегация бірқатар кәсіпорындарда болып, өндіріспен танысты.  Сондай-ақ, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік тауар өндірушілердің өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Одан кейін өнеркәсіптік кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

– Қарағанды облысы – еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының бірі. Мұнда қазақстандық жалпақ прокат, тас көмірдің үштен бір бөлігінен астамы және барлық кокс көмірі, тазартылған күміс пен алтын, мыс, ферроқорытпалар және т. б. өндіріледі. Шикізат бағытына қарамастан, біз экономика құрылымын өзгерту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Машина жасау, құрылыс индустриясы салаларында импортты алмастыратын өндіріс ашамыз. Өнеркәсіптік алаңдарды кеңейту бойынша жұмыс жүргізудеміз. Өнеркәсіптік әлеует Қазақстанның ірі компанияларын, оның ішінде «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» де қамтамасыз етуге қабілетті, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысы инвестициялық жобаларды қолдау барлық деңгейде: бастапқы циклдан бастап өндірісті толық іске қосуға дейін жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Өткен жылы инвестиция көлемі 1,4 триллион теңгеден асқан.

Кездесуде жергілікті қамтуды дамытудың басымдығы туралы да айтылды.

– Қазақстан өнеркәсіп секторында орасан зор әлеуетке ие және біз жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастығымызды кеңейтуге тырысамыз. Біз бүгін көріп отырған өндіріс деңгейі өңірлік компаниялардың сенімді бизнес-серіктес бола алатынын растайды, – деді Марко Марсили.