МАРЖАН ТІС ӘДЕМІЛІКТІҢ ҒАНА ЕМЕС, ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ДА КЕПІЛІ

0 9

Ілгеріде адамдар ауырған тісінен оны жұлып тастау арқылы құтылса, бүгінде заман басқа. Сан түрлі ғылыми жетістіктің арқасында тіс дәрігерлері ауырған тісті емдеумен қатар, қисық тісті түзету арқылы адамға сән беруге күш салып жүр. Сондықтан да бұл мамандыққа деген сұраныс қоғамда өзекті. Стаматологтар осы күні тумысынан тісі болмаған адамдарға жаңадан тіс салып беріп жатқанын да көріп жүрміз. Осындай мүмкіндіктер мол болғандықтан тіске де, тіс дәрігеріне де қойылатын талап уақыт өткен сайын күшейіп келеді. Тараздық стоматолог Мадияр Бүркітбаев – пациент қойған талап үдесінен шыға білген осындай нағыз тіс маманы. 

Жалпы кез келген баладан «Болашақта кім болғың келеді?» деп сұрай қалсаң, әнші немесе президент боламын, деп жатады. Ал Мадияр бала күнінен тіс дәрігері болуды армандаған екен. Бұл жолды таңдауының өзіндік себебі де бар.

Кейіпкеріміз Қаратау қаласының тумасы. Бірде мектеп оқып жүрген шағында тісі қатты зырқырап, ауруы шыдатпай, жанына батқан соң тіс дәрігерінің көмегіне жүгінеді. Ол кезде бұл сала қазіргідей дами қоймаған әрі дәрігерге қолайлы заманауи құрал-жабдықтар мен препараттар тапшы еді. Барған емханасындағы дәрігер тісі ауырғаны соншалық, мүлдем шыдатпай жүйкесі жұқарып тұрған баланың тісін ары-бері ырғап, ауырсынуын одан сайын үдетіп жібереді. Ақырында ауырған тісін жұлып тастайды. Тіс ауруының қандай болатынын бала кезінде бастан өткерген ол «Мен өскенде міндетті түрде тіс дәрігері боламын» деп өз-өзіне серт береді. Сол жолғы оқиға әсер етті ме, әлде тіс дәрігерінің адам емдеу тәсілі жанына қатты батты ма әйтеуір Мадияр өз арманына адал болуға тырысты. Мектепті үздіктердің қатарында тәмамдаған кейіпкеріміз мамандық таңдауға келгенде өзге қатарластары секілді бас қатырып жатпады.  Қырғыз мемлекеттік Медициналық академиясының «Стоматология» факультетіне оқуға түсіп, 2017 жылы бітіріп шықты.

Тараздағы шағын емханалардың бірінде қызметін бастаған жігіттің қазір өз қаражаты арқылы ашқан «Dental Clinic» атты үш клиникасы бар. Бала күніндегі өзіне берген сертінде тұрған маман келушілеріне шынымен-ақ сапалы қызмет көрсетіп жүр. Үш клиникасында 16 стоматолог дәрігер, 4 тіс технигі және 7 персонал жұмыс істейді. Тіс емханасындағы қажетті құрал-жабдықтар Қытай, Германия, Словакия, Чехия елдерінің өнімі. Аппараттардың орташа бағасы 2,5 миллион теңгені құрайды екен. Жасанды тісті де өз зертханасында жасайтын мүмкіндікке қол жеткізген. Кейіпкеріміздің тіс емханаларында құрт мүжіп тастаған тісті емдеп, қалыпқа келтіру өз алдына, «Брекет салу», «кәсіби тазалау», «тіс салдыру», «имплантация жасау» секілді бар жағдай қарастырылған. Мұнда тек мүлдем емдеуге келмейтін тісті ғана жұлады.

Мадияр бізбен әңгімелесу барысында мамандықтың артықшылығы мен қиындығы жайлы сөз қозғап, тіс күтіміне байланысты кеңес беруден де тартынбады. Оның айтуынша, қазір осы сала бойынша Израиль, Корея, Германия елдері алдыңғы қатарда келе жатыр екен.

– Мысалы Тараз қаласында, тіпті жай ғана бір шағын ауданның өзінде қаншама тіс емханасы, олардың өздерінің тұрақты келушілері бар. Осыған қарап-ақ бұл мамандықтың қызметіне сұраныс жоғары екенін бағамдауға болады. Соған қарамастан Қазақстанда медицина, оның ішінде әсіресе осы стоматология саласы кенжелеп келеді. Саладағы ең әуелгі қиындық  – өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде стоматолог мамандардың аз болуы. Шалғай аудандардағы тұрғындар не сапасыз қызметке душар болады не алыстағы облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Сонымен қатар аталмыш саланың тағы бір қиын тұсы кейбіреулердің өз денсаулығын күтуге деген құлқының болмауы. Әдетте кей адамдардың ауруы әбден асқынғаннан кейін ғана дәрігердің көмегіне жүгінетіні бар. Мұндай жағдайда көбіне дәрігерлер қауқарсыздық танытып жатады. Сондықтан профилактика жасау ауруды емдеуден әлдеқайда арзанға түсетінін әр адам ұғынуы тиіс, – дейді Мадияр Әзімханұлы.

Оның айтуынша, ауруын асқындырып алмас үшін, кез келген жан тым болмаса тіс күтіміне қатысты қарапайым ережелерді білгені жөн. Ол ауыз қуысын күніне екі рет тазалап тұруға кеңес береді. Жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып тұру керек, тісіңіз сау болса да, профилактика артық етпейді. Одан кейін жаңғақты тіспен шағу, бөтелкенің қақпағын тіспен ашу дегеннен мейлінше аулақ болған жөн. Суық пен жылының да тепе-теңдігін сақтаған жөн.

– Тіс қатты мүжіліп, не болмаса ісінген жағдайда, асты шайнауға біршама кедергі келтіреді. Салдарынан асқазан ішек жолына салмақ түсіп,  іш құрылысы бұзылады. Шайнау дұрыс болмаған жағдайда оның соңы «неврит», «неврология» сынды ауруға шалдықтыруы да ғажап емес. Сол себепті тіс күтіміне баса мән берген абзал. Тіс күтіміне қатысты ел ішінде тараған миф көп. Соның алғашқысы «тісті бірнеше рет жуғанда эмаль бұзылады» деген пікір. Бұл жаңсақ пікір. Керісінше тісті тұрақты тазалап тұрмаса, онда тістің шеті тамақ қалдықтарымен қапталады, бұл кейіннен тістің бұзылуына әкеледі. 

Көбісі брекетпен ұзақ уақыт жүру қауіпті деп үрей тудырып жатады. Бұл да теріс пікір. Брекет керісінше қисық тістеріңізді түзулеп, шайнау процессін жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ тісті таңертең емес, таңғы астан кейін тазалау керек деген де пікір бар. Таңғы астан кейін тазалау дұрыс, бірақ таңертең де тазалау керек, өйткені ауыз қуысында түні бойы бактериялар жиналады екен. Ауырған тіске спиртке батырылған мақта басу қажет дейтіндер де жетіп артылады. Бұл өте қауіпті. Ауырған тісіңіз бұдан жазылып кетпейді, есесіне сіз тістің жанындағы етіңізді күйдіріп алуыңыз әбден мүмкін, – дейді ол. 

Кейіпкеріміз тісім ауырмаса, стоматологқа бармауға болады дейтіндерге де бірер кәсіби ақыл беріп өтуді жөн санады. Ауыз қуысындағы тістің бұзылуы процесі бастапқыда ешқандай ауырсынусыз өтеді. Ауруы асқынғанның белгісі. Бастапқы кезде тісті емдеу оңай, әрі арзан. Қазіргі заманауи технологиялардың арқасында тісті емдеу арқылы сақтап қалуға болады. Тісті жұлу артта қалған замандағы әдіс. Дегенмен кейде тісті жұлатын жағдайлар болады. Тіс жиегінің асқынуы салдарынан тіс жұлынады. Сондықтан дәрігер берген кеңеске құлақ түріп, қағидаларды бұлжытпай орындап жүрген адам асқынудың алдын алады.

– Өз иелігімдегі клиникаларда емдеуге қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан оның сапалылығы мен, тазалығына кепілдік бере аламын. Баға жағы да айтарлықтай қымбат емес. Оның үстіне бөліп төлеу, жеңілдік жасау секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Ол жөнінде тұрақты клиенттерім инстаграмм парақшамдағы (dr.byrkitbaev), (dental_ clinic_taraz ), (dental_clinic_taraz2) жазбалардан хабардар болып отырады. Мақсатым – қолдан келгенше көпке сапалы қызмет көрсету, – дейді Мадияр Бүркітбаев.

Кейіпкеріміздің әлеуметтік желідегі парақшасы да кәсібінің жүруіне көп көмегін тигізуде. Сапалы қызмет көрсететін стоматологиялық клиника іздегендер көбінесе осы Мадиярдың емханасына тоқталып жатады. Тек өз облысымыздан ғана емес, Атырау, Ақтау, Қызылорда секілді өңірлерден де арнайы іздеп келіп жататын емделушілері аз емес.

Мемлекет көмегіне жүгінбей, өз қаражатына үш бірдей емхана ашып, біршама қызметкерлерді жұмыспен қамтып, қаншама адамның жанына шипа сыйлаған Мадиярдың еңбегі мақтауға әбден лайық. Ең бастысы «өстім-толдым, кісі болдым» деп шіреніп тұрған жоқ. Әңгімелесу барысында оның сол баяғы туған өлкесі Қаратауда жүргенде көмекке, емге зәру жандарға көмектесу үшін, тіс дәрігері болуды армандаған пәк көңіл, аңғал бала сәтіндегі болмысын жоғалтпағандығын аңғардық.