Түркістан облысының оңтүстік аудандарында ақ алтынды жинау науқаны басталды. Жыл басынан бері суармалы егіншілікке дайындық жүйелі жүргізіліп, мақта алқаптары қажетті көлемде ағын сумен қамтамасыз етілді. Қазір Жетісай мен Мақтаарал аудандарындағы шаруалар піскен мақтаны жинауға кірісті.
Түркістанның оңтүстігіндегі елді мекендердің тыныс-тіршілігі үшін мақта шаруашылығының орны ерекше. Мыңдаған отбасының негізгі кәсібіне айналған бұл дақыл өңір экономикасының маңызды салаларының бірі саналады. Сондықтан мақта егу науқаны басталған күннен бастап шаруалар үшін оның әр кезеңі үлкен жауапкершілікпен өтеді.
Биыл диқандардың көңілін демеген бір жайт – вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуі. Суармалы алқаптардағы жағдай да қалыпты болды. «Қазсушар» РМК-мен келісімшарт жасасқан шаруашылықтарға су бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп, егістіктерді қажетті мөлшерде суаруға мүмкіндік жасалған.
Судың уақытылы берілуі әсіресе мақта өсіретін шаруашылықтар үшін маңызды. Өйткені дақылдың өнімділігі егістікті дұрыс күтіп-баптаумен қатар, суару жұмыстарының сапасына да тікелей байланысты.
Жетісай ауданындағы «Арынбек ата» шаруа қожалығы биыл 10 гектар жерге мақта еккен. Қожалық төрағасы Нұрмахамбет Арынбектің айтуынша, биыл суару мәселесінде өткен жылдардағыдай қиындықтар болмаған.
«Өткен жылмен салыстырғанда ағын судың келуі әлдеқайда жақсарды. Су кестеге сай, жеткілікті мөлшерде беріліп жатыр. Шалғайдағы алқаптарды суаруда бұрын түрлі қиындықтар болатын. Қазір бұл мәселе шешімін тапты. Осы ретте «Қазсушар» мамандарына алғысымызды білдіреміз», – дейді шаруа.
Бұл пікірді тағы бір диқан Исмаил Атиллов та қолдайды. Оның шаруашылығында 4,5 гектар мақта алқабы бар. Биыл егістік екі рет суарылған.
«Суды белгіленген кесте бойынша алдық. Каналдардың бетондалуы да өз нәтижесін беріп отыр. Су ысырабы азайды. Бұрын алыс учаскелерге судың жетуі қиын болса, қазір жағдай едәуір жақсарды», – дейді ол.
Жалпы өңірдегі суармалы жерлерді қамтамасыз ету жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілген. «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 277,5 мың гектар жерді суару үшін жергілікті шаруашылықтармен 12 409 келісімшарт жасаған.
Аталған алқаптардың ішінде 104,8 мың гектарға мақта, 3,5 мың гектарға күріш егілген. Биылғы вегетациялық кезеңге Түркістан облысы бойынша су алу лимиті 3,3 млрд текше метр көлемінде белгіленген. Бүгінде оның 3,2 млрд текше метрі алынып, 270,8 мың гектар егістік суарылған.
Жетісай ауданында да суару жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізілді. Ауданның су алу лимиті 663 млн текше метрді құрайды. Қазіргі уақытқа дейін оның 585 млн текше метрі пайдаланылған.
Биыл жетісайлық шаруалар 53,6 мың гектар алқапқа мақта орналастырған. Ағын сумен қамтамасыз ету бойынша аудан фермерлерімен 2 567 келісімшарт жасалған.
Енді шаруалардың алдында жаңа міндет тұр. Ол – піскен өнімді ысырапсыз жинап, сапасын сақтап, белгіленген мерзімде өткізу. Мақта терімінің басталуы – бірнеше ай бойы атқарылған еңбектің нәтижесі таразыланатын кезең.
Жердің бабын білетін оңтүстіктің диқандары үшін әрбір гектардың өнімі маңызды. Биыл су мәселесінің тұрақты шешілуі мен егістіктің қалыпты вегетациядан өтуі шаруалардың үмітін күшейтіп отыр. Ендігі нәтиже даладағы ақ алтынның түсіміне байланысты.
Мақта терімі басталды. Ал шаруалардың тілегі бір – маңдай термен өсірген өнім мол болып, еңбектің берекесі артсын.