Экологиялық жобалар жүзеге асуда

0 1

Жетісу облысында қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жаңа мазмұнмен жалғасып жатыр. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында өңірде тек сенбілік өткізіп, аумақтарды қоқыстан тазарту емес, қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту және жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар қолға алынған.

Бүгінде облыста коммуналдық қалдықтарды басқару саласын реттеуге басымдық беріліп отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін арнайы Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасы бекітілген. Құжатта жаңа нысандар салу, қолданыстағы полигондарды рекультивациялау және қоқысты қайта өңдеу көлемін ұлғайту секілді міндеттер қамтылған.

Қазір Жетісу аумағында 182 уақытша қалдық сақтау орны мен 7 полигон жұмыс істейді. Тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару қызметін 24 арнайы ұйым атқарады. Ал сұрыптау және қайта өңдеу бағытында жылына 68,8 мың тонна қалдық өңдеуге қауқарлы 6 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Алдағы уақытта бұл жүйені одан әрі жетілдіру көзделіп отыр. Атап айтқанда, Сарқан және Үшарал қалаларында жаңа полигондар салу, Текелі қаласындағы полигонды рекультивациялау жобалары әзірленген. Ал Талдықорған қаласында қалдықтарды сұрыптап қана қоймай, қайта өңдеуге және термиялық жолмен кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін заманауи кешен салу жоспарланған.

Жобаның ерекшелігі – оның бір ғана қалаға емес, бірнеше елді мекенге қызмет көрсетуге бағытталуында. Нысанды іске асыруға 11 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылмақ. Сонымен бірге 70 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Кешен Талдықорған қаласымен қатар Ескелді, Қаратал, Көксу аудандарына және Текелі қаласына қызмет көрсететін болады. Мамандардың есебінше, аталған аумақта жыл сайын шамамен 120 мың тонна қалдық түзіледі.

– Бірінші кезеңде Сарқан және Үшарал қалаларында полигондар салу, сондай-ақ Текелі қаласындағы полигонды рекультивациялау жобалары әзірленді. Талдықорғандағы қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және термиялық кәдеге жарату кешені өңірдегі маңызды жобалардың бірі болмақ. Оның ауданаралық деңгейде жұмыс істеуі бірнеше елді мекеннің қалдық мәселесін бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Диас Досмұханов.

Экологиялық жұмыстардың тағы бір маңызды бөлігі – елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру. 2026 жылдың басынан бері облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 180 іс-шара ұйымдастырылып, оған 100 мыңнан астам адам қатысқан. Тазалық жұмыстары кезінде 9 мың тонна қоқыс шығарылып, өңір аумағына 58 мың көшет отырғызылды.

Бұл жұмыстар жыл соңына дейін де жалғасады. Жоспар бойынша Жетісу облысында жалпы 121 мың көшет отырғызылады. Осылайша, көгалдандыру шаралары елді мекендердің көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге бағытталуда.

Биыл аумақтарды абаттандыруға да қаржы қарастырылған. Оның есебінен қоғамдық орындар мен тұрғындардың аулаларын ретке келтіру, балалар және спорт алаңдарын жаңарту, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, арық жүйелерін қалыпқа келтіру және көшелерді жарықтандыру мәселесіне де көңіл бөлініп отыр.

Өңірдегі экологиялық саясатта тұрғындардың ұсынысы мен шағымын ескеру де маңызды орын алады. Осы мақсатта «Таза Қазақстан» Telegram-боты жұмыс істейді. Арнайы сервис арқылы тұрғындар өз аумағындағы тазалық, санитарлық жағдай және абаттандыру мәселелерін хабарлай алады. Бүгінге дейін ботқа 814 өтініш келіп түскен. Оның 668-і бойынша тиісті жұмыстар атқарылған.

Жалпы, Жетісудағы «Таза Қазақстан» бастамасы тазалық акцияларымен ғана шектелмей, қоршаған ортаны қорғаудың ұзақ мерзімді тетіктерін қалыптастыруға бағыт алып келеді. Қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, полигондарды ретке келтіру, көгалдандыру көлемін арттыру және елді мекендерді абаттандыру – осы бағыттағы жұмыстардың өзегіне айналған. Бұл шаралардың барлығы өңірдің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін таза, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға негіз болмақ.