Маңғыстаудағы маңызды жобалар назарда

0 7

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар ірі нысанның қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлары қаралды. Сапар кезінде әуежай, газ өңдеу, көлік-логистика, туризм және энергетика салаларындағы жобалардың жайы сөз болды.

Ақтау халықаралық әуежайында бірінші вице-премьерге мультимодальді логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы таныстырылды. Мұнда әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету мен жөндеу, әуе жүктерін тасымалдау, мамандар даярлау және логистикалық қызметтерді бір жерде ұйымдастыру көзделген. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сапар барысында «Кендірлі» әуежайының құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Қазір мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 49 пайызы орындалған. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2200 метр, ені 35 метр болады. Жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға қызмет көрсетуге есептелген.

Бүгінде әуежай аумағында ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы, периметрлік қоршау мен кірме жол, жолаушылар терминалы және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып жатыр. Нысанды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Жаңаөзен қаласында Нұрлыбек Нәлібаев жылына 900 миллион текше метр табиғи және ілеспе газ өңдеуге қауқарлы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысымен танысты. Кәсіпорынды 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Зауыттың жұмысы өңірдегі газ өңдеу көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Маңғыстауда туризм саласына қатысты жоба да қолға алынған. Ақтауда салынып жатқан «Нұр» санаторлық-сауықтыру кешенінде жерасты табиғи термалды су көзін емдік мақсатта пайдалану қарастырылған.

Кешенде 175 нөмірлі, 320 төсек-орынға арналған санаторий бой көтереді. Мұнда оңалту бөлімшелері, физиотерапия, массаж, балшықпен емдеу және ингаляция қызметтері көрсетіледі. Сондай-ақ жабық бассейн, сауна, хамам, екі асхана және 120 орындық конференц-зал болады. Жоба толық іске қосылған соң 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Сапардың тағы бір бағыты – көлік-логистика саласы. Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты және Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жұмысы таныстырылды.

Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 миллион тонна болса, Құрық портының өткізу қабілеті 6 миллион тоннаны құрайды. Ал Ақтау халықаралық контейнерлік хабы жылына 240 мың жиырма футтық эквивалент контейнер өңдеуге есептелген. Оның алғашқы кезеңі биыл наурыз айында пайдалануға берілген.

Бұл нысандар арқылы Каспий теңізі бағытындағы жүк тасымалын арттыру және Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік мүмкіндігін кеңейту көзделіп отыр.

Жұмыс сапарында химия өнеркәсібінің дамуы да талқыланды. Бірінші вице-премьер «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қызметімен танысып, кәсіпорынды дамыту жоспарларын қарады. Сонымен бірге Ақтау қаласында аммиак-карбамид кешенін салу жобасына қатысты мәселелер сөз болды.

Энергетика саласындағы ахуал да назарда болды. Нұрлыбек Нәлібаев «МАЭК» ЖШС-ның жұмысымен танысып, өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.

Ақтауда салынып жатқан қуаты 160 мегаватт болатын бу-газ қондырғысының құрылыс-монтаж жұмыстарының 71,8 пайызы орындалған. Нысанды 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.

Маңғыстауда қатар жүріп жатқан бұл жобалардың әрқайсысы өңірдің жеке бір саласына қатысты болғанымен, барлығының ортақ мақсаты – өндіріс көлемін арттыру, инфрақұрылымды жаңарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Жұмыс сапары кезінде нысандардың қазіргі жағдайы мен алдағы міндеттер осы бағыттар бойынша сараланды.