Ерекше балаларға ең алдымен мейірім мен түсіністік қажет

0 1

«Баланың бақытты болуы – әрбір қоғамның басты міндеті. Ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету – тек отбасының ғана емес, мемлекеттің де жауапкершілігі», деп атап өткен болатын Президент. Қазіргі қоғамда бұл мәселе ерекше өзектілікке ие. Себебі әрбір бала – біздің болашағымыз, олардың толыққанды өмірге бейімделуі, шығармашылық және әлеуметтік қабілеттерін дамыту қоғамның мәдени, әлеуметтік және рухани дамуының маңызды көрсеткіші болып табылады. Қазіргі таңда ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қолдау ауқымы кеңейіп, олардың психологиялық және әлеуметтік бейімделуіне арналған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Талас ауданық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу КММ орталығының осы бағыттағы қызметі ерекше бағалы. Аталмыш орталық балаларға тек медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, жан-жақты даму мүмкіндігін де береді. Мұнда әрбір бала өз ерекшелігіне сәйкес жеке бағдарлама бойынша қамқорлыққа ие болып, өзіне деген сенімін нығайтады, қоршаған ортамен еркін қарым-қатынас жасауға үйренеді.

Орталықтағы әрбір іс-шара – тек білім беру немесе емдеу емес, ол баланың рухани, шығармашылық және психологиялық дамуына бағытталған кешенді процесс. Мамандар әр баланың мүмкіндіктерін терең зерттеп, жеке тәсілмен жұмыс істейді. Мысалы, жуырда психолог  Нұржамал Әбілхасқызы тәрбиеленуші балалармен «Ғажайып көбелектер» атты психологиялық ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында балалар көктем құбылыстары мен көбелек бейнесі арқылы өзгеріс, даму және әсемдік ұғымдарын танып, өз ішкі сезімдерін қағаз бетіне түсірді. Бұл тәжірибе олардың қиялын дамытып, ұсақ моторикасын жетілдірумен қатар, көңіл-күйін көтеруге, өзіндік сенімін арттыруға мүмкіндік берді.

Мамандардың пікірінше, ерекше балаларға ең алдымен мейірім мен түсіністік қажет. Сондықтан орталықтағы әрбір сабақ қамқорлық пен жылылыққа негізделіп, балалардың қабілетін ашуға бағытталады. Ата-аналармен тығыз байланыс орнату – жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі. Баланың дамуы тек орталықта жүргізілетін жұмыстарға ғана емес, оның үй ортасында да дұрыс қолдау көрсетілуіне байланысты.

Ерекше балалардың өмірге бейімделуі, олардың қабілеттерін толық ашу – қоғамның ортақ міндеті. «Ғажайып көбелектер» атты психологиялық іс-шара – осындай қамқорлық пен қолдаудың нақты көрінісі. Жүйелі түрде жүргізілетін жұмыстардың нәтижесінде балалар болашаққа сеніммен қарап, өз мүмкіндіктерін толық жүзеге асыруға дайын болады.