Экономикалық тұрғыда үнемді, экологиялық жағынан таза

0 5

Бүгінде энергия көздеріне деген сұраныстың артқаны рас. Алайда бұл жағдай қуат тапшылығына алып келуі мүмкін. Энергия жетіспеушілігі алдағы уақытта қатты білінеді. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр.

Мәселені шешудің жолы баламалы қуат көздерін өндіру. Сол арқылы сұранысты қанағаттандыру. Бұл орайда еліміздің климаттық жағдайы күн, су, жел энергиясын пайдалануға өте қолайлы. Табиғаттың баға жетпес сыйын дер кезінде ұғынып, іске асыру маңызды екенін түсінуіміз керек. Әлем мемлекеттері жолға қойып, игілігін көріп отырған «таза энергияны»  елімізде өндіру кезек күттірмес мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Бүгінде әлем бойынша өндірілетін элекр энергиясының төрттен бірі жаңартылған энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 процентке жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық», – деген болатын.

Бұл орайда 2019 жылдан бері Талас ауданында жел энергиясын пайдалану жұмыстарына инвесторларды тарту ісі жүргізіліп келеді. Нәтижесінде 9221,0 млн теңгені құрайтын бес жоба жоспарланып, 3734,0 млн теңгеге екі жоба іске қосылды.

Соның бірі –  «Wind Power city» ЖШС-ының Қызыләуіт ауылдық округі аумағында орналасқан 465 мВт құрайтын жел электр энергиясын өндіру мақсатындағы жобасы. Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілген жоба құрылысы 2020 жылы аяқталған. Бүгінде 11 адамды жұмыспен қамтып отырған нысан осы жылы 220,1 млн теңгенің 9,7 мың квт қуатын өндірді. Сонымен қатар қуаты осымен тең «Wind Electricity» ЖШС-ы да ағымдағы жылы 218,5 млн теңгеге 9,6 мың квт қуат өндірген.

Осылайша қаржы көздерін тарту арқылы озық технологиялардың көмегімен баламалы энергияны пайдалану жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Экономикалық тұрғыда үнемді, экологиялық жағынан таза өнімді қолдану аясы бұдан әрі кеңейе түспек. Осы мақсатта жобалар қолға алынып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

  • «Шеңгелді», «Новатэкс», «Шеңгелді-2» ЖШС-тарының әрқайсысы 1829,1 млн теңгені құрайтын нысандарының құрылыстары өткен жылы басталды. Серіктестіктерде 4,5 мВт болатын үш қондырғыдан орнатылмақ. Нысандар іске қосылғанда 36 адам жұмыспен қамтылады, – дейді бұл жайында аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

Баламалы қуат көздеріне байланысты бағыт айқын. Бастысы – жүктелген міндетті іске асыра отырып, жұмыс өнімділігін арттыру. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, жұмыссыздықты азайтуға сеп болмақ. Мемлекеттің баламалы энергия көздерін дамытуға басымдық берудегі мақсаты да осы.