Дүкен сөрелерінде самсап тұрған шетелдік брендтерді атыраулық тұрмыстық химия тауарларымен алмастыратын күн жақын. Жуырда мұнайлы өлкеде киім-кешек, ыдыс-аяқ, еден, кілем жууға арналған сұйықтық шығаратын цех ашылды. Бүгінде «VIO» брендімен қолжетімді бағада сатылып жатқан жуғыш заттардың түрлері көбейіп келеді.
Атыраулық кәсіпкер Мәншүк Нарикова бірнеше жылдан бері түрлі бағытта отбасылық бизнеспен айналысады. Соның бірі – техникалық қызмет көрсету стансасы мен дәріхана.
– Техникалық қызмет көрсету стансасына біз жуғыш заттарды көбінесе Ресейден қымбат бағаға сатып алатынбыз. Кейіннен осындай жуғыш заттар өндіру технологиясын мұқият зерттей келе, тұрмыстық химия өндіретін цехты өзіміз ашайық деп ұйғардық, — дейді кәсіпкер.
Цехты іске қосу барысында Мәншүк «Даму» қорының қолдауы арқылы екінші деңгейлі банктен несие алып, қажетті құрал-жабдық сатып алған. Қазір «VIO» брендімен шығарылатын жуғыш заттардың ассортименті көбейген. Күнделікті тұрмыста ыдыс-аяқ, әйнек, еден, кілем жууға және тазалауға жарамды. Сондай-ақ, жуынатын бөлмелерге арналған дезинфекциялық қоспалар шығарыла бастады. Тауарларды Атырау қаласының орталық сауда базарларынан, шағын маркеттерден қолайлы бағамен сатып алуға болады.
«Әрине, бастапқыда бұрын-соңды танымаған бренд болғаннан кейін сатып алуға біраз күмәнданғаным бар. Бірақ, сапасына көз жеткізгеннен кейін өзіміздің атыраулық өнімнің тұрақты тұтынушысы боламын деп шештім. Оның үстіне бағасы да қолжетімді. Шыны керек, бүгінде базарда белгілі брендтің көшірмелері көбейіп кетті. Тіпті, ыдыс жуатын гель сатып аларда «оригинал ма?» деп сұрайтын болдық. Себебі, көшірменің сапасы сын көтермейді», дейді қала тұрғыны Ләйла Қуанбаева.