Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

0 5

Түркістан облысында өткен «Жұмысшы мамандықтар шеруі» аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өндірістік парк алаңындағы жәрмеңкеде 35 жұмыс берушіден 2200-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.

Атап айтқанда, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, инженерия, медицина, туризм, агрономия, құрылыс, зертхана ісі, есеп-қисап, тігін, тамақ өнеркәсібі, қызмет көрсету, техникалық салалар бойынша мамандықтарға қажеттілік бар.

Сондай-ақ Еңбек бағыты негізінде 2022-2024 жылдары аралығында іске асырылған нәтижелі жобалар насихатталды. Мемлекеттік қайтарымсыз грант алып кәсіп ашқан 26 азамат 6 сала бойынша өз өнімдерін таныстырды. Жаңа бизнес-идеялар көпшілік назарын аудартып, келушілер арасында кәсіп бастауға құлшынысты арттырды.

Игілікті шараға Түркістан облысының «жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасы, өңірлік «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ, аудан және қалалық «Мансур» орталықтары жүзеге асырып, үлес қосты.

Бұл жәрмеңке – жұмысқа тікелей қабылдауға септігін тигізді. Жұмыс беруші және іздеушілер арасында ашық байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Азаматтарға заң аясында кеңестер беріліп, түсіндірілді. Буклеттер, жаднамалар және басқа да ақпараттық материалдар шығарылып, таратылды.

Облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры Абзал Қазанқаповтың айтуынша, 2025 жылы Түркістан облысының барлық аудан және қалаларында орналасқан ірі өндіріс орындарында 38 ашық есік күні мен 84 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспары бекітілген. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау мақсатындағы тиісті шаралар жалғасын табады.