Болашақ сарбаздар әскери-спорттық сайыста шыңдалды

0 0

Отан қорғау абыройлы міндет, бүгінгі оқушы – ертеңгі Қарулы Күштер қатарындағы жауынгер. Әскери «Патриот» айлығы аясында, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 34 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің 81 жылдығына орай Мойынқұм ауданы білім бөлімі мектеп оқушылары арасында «Айбын-2026» әскери-спорттық сайыс өткізілді. Сайыс Мыңарал стансасындағы Мыңарал орта мектебінің спорт алаңында өткізілді.

Іс-шараға Мойынқұм ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Медет Тойшыбеков пен Қайрат Рұсқұлбеков атындағы орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушы Нұрсұлтан Берік қатысып, өздерінің әскери тәжірибелерін болашақ Отан қорғаушылармен бөлісті. Мыңарал орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Бауыржан Мәлімбеков те осы жиында өзінің шәкірттерімен бірге жоғары өнер көрсетіп, сапалы дайындықпен келгенін байқатты.

Жиынның басты мақсаты – жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу, саламатты өмір салтын насихаттау және дамыту бойынша жұмыстардың мазмұнын жетілдіру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Патриот болу – алаңға шығып ұрандату емес, қажырлы еңбек ету. Ел мен жердің қасиетін жүрегімен сезіне білген адам ғана ерлікке бара алады. Бұл – жастарымызға тән қасиет», деп атап өткен болатын. Жастарға патриоттық тәрбие беру – елдің болашағына салынған берік негіз!

Әскери-спорттық сайысқа Мойынқұм ауданы білім беру ұйымдарының оқушылар командалары қатысты. Атап айтар болсақ: Мыңарал орта мектебінің командасын өзім басқардым. Сонымен қатар Кенесары Қасымов атындағы шағын орталықты орта мектебі жетекшісі Исалиев Сұлтан, №1 орта мектебі жетекшісі Құттыбаев Самат, Әлтай Төлепбергенов атындағы орта мектебі жетекшісі Қалдарбеков Нұржан әскери ойынға шәкірттерін жақсы дайындықпен әкеліпті. Әр команда 10 оқушыдан құралды. Атап айтқанда, 7 ұл, 3 қыз. Бұл сайыс та қыздар да өздерінің дайындықтарының жоғары екенін байқатты.

Алдымен мектептің спорт алаңында командалар сапқа тұрғызылып, мемлекеттік Ту енгізіліп, Әнұран орындалды. Пневматикалық винтовкадан жатып ату, садақ ату, АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу және жинақтау, кермеде тартылу, гір көтеру, қол күрес (армрестлинг) және арқан тарту сайыстары бойынша үздіктер анықталып, іріктелді. Міне, осылай нағыз жігер мен намыс сыналатын сәтте әр команда жұдырықтай жұмылып, бірлік пен қажымас жігерлерін көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орындарды қанжығасына байлады. Арнайы комиссияның шешімімен бірінші орынды Кенесары Қасымов атындағы шағын орталықты орта мектебінің командасы иеленсе, екінші орын Мыңарал орта мектебі командасы құрамасына бұйырды. Жүлделі үшінші орындарды Әлтай Төлепбергенов атындағы орта мектебі құрама командасы мен №1 орта мектебі құрама командалары өзара бөлісті.

Қатысушылар өздерінің табандылығы мен жоғары дайындығының арқасында көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, өз мектептерінің намысын абыроймен қорғады. Әсіресе жеңімпаз атанған командалар ұйымшылдық пен шеберліктің үлгісін көрсетті. Бүгін мектеп намысын абыройлы қорғағандар ертең ел намысын, елңіміздің шекарасын да үлкен жауапкершілікпен қорғай алады. Дәл осы намысшыл оқушылардан ертең әскерден қашатын емес, әскерге баруға асығатын азамат шығады.

– Елдің әскері сол мемлекеттің жігерлі, жас, физикалық күші мықты 18 жастағы және 18 жастан асқан азаматтарынан құралады. Әскери борышыңды өтеу – азаматтық міндетің. Отанды сүю – әр азаматтың қасиетті борышы. Ал оны қорғау жолында ерлік көрсетіп, жанын шүберекке түйіп, ел тыныштығы үшін майданға аттанған жандардың орны ерекше.

Міне, сол Отанын сүйген ғаламат жандар бізге үлгі. Сондай ардақты тұлғалардың бірі – менің атам Түсіп Мәлімбеков. Атам 1909 жылы бұрынғы Көктерек ауданы, Мыңарал ауылында дүниеге келген. Кең байтақ Отанымызға қауіп төнген ең қиын кезеңінде, яғни 1942 жылы туған елін қорғау үшін Ұлы Отан соғысына аттаныпты. Ол Қызыл әскер қатарына Шу ауданының жергілікті әскери бөлімінен шақырылады. Әскери борышын 39-резервтік атқыштар полкінің 3-резервтік атқыштар дивизиясы бастаған. Соғыс жылдары атам Түсіп ауыр күндерді бастан өткеріп, алдыңғы шепте шайқасты. Сталинград шайқасына қатысқан, Белоруссия майданында ауыр жарақаттар алып, госпитальде емделіп, қайтадан майдан даласына оралып, соңына дейін табандылық танытқан. Отанын қорғау жолында қарша борап тұрған оққа қарай талай рет шабылға шыққан екен. Командирлерінің бұйрығын бұлжытпай орындаған. Оны кейіннен ұл-қыздарына, ауылдастарына әңгімелеп, айтып беріп отырған.

Польша шекарасында бір қол бір аяқтан жаралы болып, контузия алып, госпитальдан кейін 1944 жылы елге қайтарылған. Сол бір зұлмат жылдары атам майдан шебінде жауға қарсы күресіп, Отан үшін от кешіп, бейбіт өмір сыйлау жолында жан аямай қызмет еткені – біздей ұрпақтары үшін мақтаныш. Туған елінің болашағы, ұрпағының бейбіт өмірі үшін ештеңеден тайсалмай, майдан даласында жанкешті ерлік көрсеткен қазақтың қайсар ұлы. Соғыс аяқталған соң атам туған жерге оралып, бейбіт өмірде де елге адал еңбек етті. Жас ұрпаққа үлгі болып, ақыл-кеңесін аямай, үлкенді сыйлауға, елді сүюге тәрбиеледі. Оның қарапайым, бірақ биік болмысы — бүкіл әулетіне өнеге. Денесінен алынбай қалған оқ қалдықтарының зардабынан – сүйекке қадалған, қоса біткен етке, жыл сайын Алматы дағы әскери госпитальда емделуге жіберетін. кейін инсульт алып, жаралы қолымен аяғы парализовать етілді. Талай жыл емделсе түзелмеді. 1983 жылы 19 сәуірде 74 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Оның төзімділігі мен батырлығы, Отанға деген адалдығы – ұзақ әңгіме. Атамның есімін ауылдастар да үлкен құрметпен айтып отырады.

Атамның ерлік жолын әрдайым еске аламын. Ол – менің рухани тірегім, өмірлік үлгі тұтар тұлғам. Атамның жолын қуып ұстаздық қызмет атқарып жүрмін. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде ауыл жастарын әскерге дайындап жүргенімді де мақтан етемін. Өзім де Қазақстан Республикасының әскери саласына болашақ сапбаздарды сапалы дайындау арқылы үлесімді қоса беремін, – дейді Мыңарал орта мектебі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Бауыржан Мәлімбеков.

Осылайша, «Айбын – 2026» әскери-спорттық сайыс жас сарбаздардың рухын шыңдап қана қоймай, олардың бойындағы жеңіске деген жігерін арттырған маңызды іс-шара болды.