Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде қолға алынған ауқымды цифрландыру және барлық салаға жасанды интеллектті енгізу жұмыстары Қарулы Күштерді де айналып өтпеуде. Өйткені, уақыт бұл саланы да заман талабына сай жаңғыртуды, цифрландыруды және жасанды интеллект технологияларын енгізуде талап етіп отыр. Ал ол Қарулы Күштер қатарын осы технологияларды жетік меңгерген білікті мамандармен толықтыруды қажет ететіні түсінікті.
Осы мақсатта Тараз қаласындағы «Zhambyl Hub» өңірлік орталығында мамандандырылған әскери мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне арналған «Open Day» форматындағы ашық есік күні ұйымдастырылды. Болашақ сарбаздар заманауи технологиялар мен стартап әлемінің қыр-сырымен танысты.
Кездесу барысында оқушыларға «Astana Hub» халықаралық технопаркінің экожүйесі, оның жастарға ұсынатын мүмкіндіктері және өңірдегі цифрлық жобаларды дамыту бағыттары кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар технологиялық кәсіпкерлік, стартап құрудың алғашқы қадамдары мен инновациялық идеяларды жүзеге асыру жолдары жөнінде ақпарат берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – жас буынның цифрлық сауаттылығын арттырып, «ІТ» саласына деген қызығушылығын ояту. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылық әрі сыни ойлау қабілетін дамытуға, жаңа технологияларды еркін меңгеруіне мүмкіндік жасау көзделген.
Іс-шара аясында жастар «Zhambyl Hub» орталығының жұмысымен танысып, мұнда стартап жобаларды дамытуға арналған қолдау бағдарламалары туралы мәлімет алды. Оқушылар инновациялық идеяны нақты жобаға айналдырудың жолдары мен «ІТ» саласындағы заманауи үрдістер жөнінде пікір алмасты.
Бүгінде «Zhambyl Hub» өңірдегі технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін маңызды орталықтардың біріне айналып келеді. Мұнда жастардың цифрлық білімін жетілдіруге, жаңа бастамаларды қолдауға және талантты жас мамандардың қалыптасуына ерекше көңіл бөлінуде.
Мамандардың пікірінше, осындай танымдық кездесулер өскелең ұрпақтың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына және инновациялық ортаға бейімделуіне жол ашады.