Білектей арқасында өрген бұрым

0 16

«Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын» – деп Абай атамыз жырламақшы қыз бұрымы қашан да сұлулықтың символы мен әсемдік белгісі ретінде сипатталып келген. Бұл күнде халқымыздың дәстүрінің бір бөлшегі болған бұрымды қыздар арамызда жоқ емес.

Осы ретте аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының мәжіліс залында 9-10 сыныптың қолаң шашты қыздары арасында «Бұрымды қыз» аудандық байқауы өтті. Оған аудандағы 9 мектептен 14 қыз қатысты. Байқау үміткерлердің өсірген шаштарының ұзындығына, өнері мен біліміне қарай бағаланды. Қыз баланың өсірген шаштарының ұзындығы жарты метрден (50 см) кем болмауы керек, өсірген ұзын шашы бояусыз, табиғи түсте болуы, ұлттық киім киіп, қол өнерімен шашқа тағатын шолпысын дайындап келуі байқаудың басты шарттары мен талаптары болды.

Байқаудың кезеңдері бойынша қыздар алдымен шолпысын шашына тағып, шаш үлгісін көрсетті. Бұдан кейін салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беріп, шаш күтімі жайлы қысқаша баяндады.

Әділқазылар алқасының ұйғаруымен М.Жұмабаев атындағы мектеп лицейінің 10 сынып оқушысы Әсел Маратқызы бас жүлде, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің 10 сынып оқушысы Ақбота Мәжит I орын, Шығанақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аделя Иман II орын, Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Айым Серікбай мен Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Айару Сәрсен III орынды иеленді. Барлық бұрымды қыздар аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың Алғысхаттарымен марапатталды.