ҚАЗАҚҚА КЕЛІН БОЛҒАНЫМА ӨКІНБЕЙМІН

0 8

Тағдыр мені бала кезімнен бастап сынады. Бірақ мен оған ешқашан мойымаймын. Себебі сол кездегі балалардың барлығы да менің бастан өткергенімді көрді десем де болатын шығар. Әрине кіндік қаның тамған жерді жыраққа тастап, өзге елден пана іздеу кімге болсын оңайға соқпасы анық. Бірақ мен дәл сол сәтте көңілі дархан, пейілі ақ қазақ халқының ортасына түскеніме қуанамын.

1960 жылдары Қазақстандағы тың игеру кезінде сонау Украинаның Варона селосынан қасиетті Құлан жеріне төрт отбасы көшіп келдік. Анамның есімі – Олена, ағамдікі – Богдан. Қазақстанға келгенімде 15 жастағы қыз болатынмын. Еңбекке ерте араласып, қызылша алаңынан табылдық. Жұмысты ауыр демедік. Қолымыздан келгенше анамызға ілесіп, таңда кетіп, кеш қайтатынбыз. Аллаға шүкір! Сол еңбектің арқасында «Еңбек ері» медалімен наградталып, аудандық кеңеске депутаттыққа сайландым. Тіпті 1968 жылы Алматы қаласындағы еңбек слетіне қатысып қайттым.

1962 жылы 17 жасымда қазіргі Қарақат ауылының тұрғыны Тоқтасын Иманбаевқа тұрмысқа шықтым. Ол да еңбекқор, бақытын еңбектен тапқан азамат еді. Сол сәтте орын алған бір қызық жайтпен бөлісейін. Екеуіміздің некеміз мұсылманша қиылды. Сол сәтте ауыл молдасы менің атымды атау елді мекен тұрғындары үшін қиындық туғызатынын айтып, Ганнаны қазақшалап, Анаркүл деп өзгертті. Содан бері менің байырғы атымды ешкім де, ешқашан да атаған емес.

Жолдасыммен жаман өмір сүргенім жоқ. Үбірлі-шүбірлі болдық. Ұлды – ұяға, қызды қияға қондырдық. Бүгінде балаларымнан 40 немере, 27 шөбере көріп отырған бақытты әженің бірімін. Қазақтың салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын бір кісідей білемін. Олардың барлығында ұстануға тырыстым. Тіпті қайын жұртымның әрбір мүшесіне ат қойып, шын есімімен атаған емеспін. Бұл игі дәстүрді бүгінгі күнге дейін жеткізіп, келіндеріме де үлгі ретінде көрсеттім. Дәл қазіргі таңда келіндерім де қай жерге барса да, қазақы дәстүрмен сәлем салып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, мен қазаққа келін болғаныма еш өкінбеймін.

Қазақта «Ұлың – қымбат, немерең – ыстық» деген нақыл сөз бар. Шыны керек, бүгінде немерелерімнің жеткен жетістігіне көз тастап, ерекше күйге бөленіп отырамын. Солардың бірі – Ерсұлтан. Ерсұлтан – Ерғалиымның кенже баласы. Өзі тентек болғанымен, өте зерек. Ән айтатыны бар. Үйге келсе, міндетті түрде қазақтың халық әндерін шырқап беруді өтінемін. Жуырда өзі асық атудан байрақты бәсекеге қатысып, жүлдегер атанып, рекорд жаңартты. Мен оны мақтан тұтамын. Ерсұлтан секілді биікке жеткен немере-шөберелерім өте көп. Олардың қатарына Дулат, Бексұлтан, Аилин, Нурлана, Ерхат, Ақжүніс сынды балапандарымды қоссам болады.

Қазақ халқы қонақжай, кеңпейіл халық. Қаншама ұлт өкілдерімен бірге тұрып, оларды кемсітпей, өз қатарынан бөлмей, жақсылықты бірге бөлісіп отыр. Осы үшін оларға шексіз алғысымды жеткізгім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.