Іле ауданындағы Мұхаметжан Түймебаев ауылында 500 миллион теңгелік инвестициялық жоба жүзеге асты. Мұнда «Бақыт» кәсіпорны ашылып, балық өсіру ісімен қатар, шаруашылықтарға қажетті арнайы жабдықтарды өндіру қолға алынды. Жобаның толық қуатына шығуы жылына 400 тонна балық өндіруге мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның басты ерекшелігі – балық өсіруге арналған торлы қоршаулар мен олардың бөлшектерін өз өндірісінде дайындауы. Бұл бағыт елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Қазір шаруашылыққа қажетті қоршаулар кәсіпорынның өзінде жасалады, ал торлар шетелден әкелінеді. Алдағы уақытта тор тоқитын жеке цех ашу жоспарланған. Бұл өндірістің мүмкіндігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Жобаның ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы өңір үшін балық шаруашылығының маңызына тоқталды. Оның сөзінше, жергілікті өндірісті дамыту ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіп қана қоймай, отандық өнім мен жабдықтардың нарықтағы үлесін арттыруға ықпал етеді. Бүгінде кәсіпорын шығаратын жабдықтар бірнеше өңірдің балық өсіру шаруашылықтарында қолданылып келеді.
Шаруашылық басшысы Бақыт Алдыбаевтың айтуынша, мұнда балық өсіру арнайы технология бойынша жүргізіледі. Салмағы 200 грамм шамасындағы шабақтар үш айда 2,5–3 келіге дейін өседі. Оларға экологиялық таза жем беріледі. Қазірдің өзінде 12 торлы қоршау пайдаланылып, 100 тоннадан астам балық өндірілген. Келесі жылы қоршаулар санын 30-ға жеткізіп, өндіріс көлемін жылына 400 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Өндіріс ауқымының кеңеюі жергілікті еңбек нарығына да оң әсерін тигізбек. Қазіргі таңда кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Жоспарланған цех іске қосылған жағдайда қызметкерлер саны 45–50 адамға дейін көбейеді. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Жалпы, Алматы облысында балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп отыр. Өңірде 53 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Былтыр 5,8 мың тонна өнім өндірілсе, биыл бұл көрсеткішті 10 мың тоннаға жеткізу көзделген. Ал 2030 жылға қарай жылдық өндіріс көлемін 20 мың тоннаға дейін ұлғайту межесі қойылған. Саланы қолдауға биыл 1 миллиард теңге субсидия бөлінген.
Ауыл тұрғындары да жаңа бастаманың жүзеге асуын оң қабылдады. Жергілікті тұрғын Әмзе Исаевтың айтуынша, елді мекендегі көлде бұрын балық шаруашылығы жақсы дамыған. Кейін бұл сала бәсеңдеп қалғанымен, жаңа кәсіпорынның іске қосылуы бұрынғы дәстүрді қайта жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр.
«Бақыт» кәсіпорнының жұмысы алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмей, ауылдағы кәсіпкерлікке серпін беріп, өңірдің азық-түлік өндірісін дамытуға да үлес қоспақ.