Арнайы техникалар табысталды

0 4

Еңбек күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы коммуналдық мекемелерге 52 жаңа арнайы техниканың кілтін табыстады. Іс-шараға Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.

Аймақ басшысы сала еңбеккерлерін құттықтап, игі тілегін жеткізді.

– 2013 жылғы қарашада Президентіміздің Жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні болып бекітілді. Бұл – жасампаз ісімен, маңдай терімен ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген сіздерге деген құрметтің белгісі. Сыр өңірі қандай жетістікке жетсе де, қандай биіктен көрінсе де, өздеріңіз секілді еңбексүйгіш азаматтарымыздың еңбегінің жемісі деуге әбден болады.

Коммуналдық сала еңбеккерлерінің халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бүгін облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеге сатып алынған 5 арнайы техниканы «Қызылорда су жүйесі», 23 көлікті «Жасыл Қызылорда», 24 көлікті «Қызылорда тазалығы» мекемелеріне табыстаудамыз. Тұрғындардың таза, қолайлы ортада өмір сүріп, сапалы қызмет алуын жақсарту өте маңызды. Жаңа техникалар жұртшылықтың игілігі үшін қызмет етеді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов жерлестерін құттықтады. Сондай-ақ, коммуналдық сала үздіктері облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды.

Айта кетейік, соңғы жылдары өңірде барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілуде. Күні кеше жылу-электр орталығына 9 жаңа заманауи арнайы техниканың кілті табысталды. Қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу үшін 300, мектеп оқушыларына 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 70 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 95 арнайы техника, ветеринария саласының мамандарына 59, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік алынды.

Коммуналдық салаға да жан-жақты қолдау көсетілуде. «Қызылорда тазалығы», КРЭК, «Қызылорда су жүйесі» мекемелерінде 42 жаңа техника тұрғындар игілігі үшін қызмет етуде. Мұнан бөлек, «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарына заманауи үлгідегі 48 арнайы техника берілді.