Қарағандыда қала тұрғындарына жақсы таныс бұрынғы Ленин атындағы кинотеатр ғимаратына жаңа тыныс берілмек. Тарихы терең нысанның негізінде жастардың білім алуына, шығармашылықпен айналысуына, жұмыс істеуіне және түрлі бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін заманауи Жастар үйін құру жоспарланып отыр. Бұрынғы кинотеатр ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылғаннан кейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нысанның жаңа қызметін айқындап, мұнда Жастар үйін құруды тапсырған болатын.
Жаңа жобаның тұжырымдамасы таныстырылып, ғимаратты қайта бейімдеудің негізгі бағыттары талқыланды. Жоба авторлары үшін басты міндеттердің бірі – нысанның тарихи келбетін сақтай отырып, оны қазіргі заман талабына сай қоғамдық кеңістікке айналдыру.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің айтуынша, жоба өңір жастарын бір жерге топтастырып, олардың бастамаларын қолдайтын тұрақты алаң қалыптастыруға бағытталған. Оның пікірінше, ғимарат тек тарихи нысан ретінде сақталып қалмай, жастардың күнделікті өмірінде белсенді қолданылатын орынға айналуы керек. «Нысан музейге айналмауы керек. Уақыт өте келе жақсы жобалардың өзіндік мұражай экспонатына айналып кеткенін көрдік: ғимарат бар, оны көрсетеді, бірақ ол біз қалағандай жұмыс істемейді. Бұл нысанның болашағы жастарға байланысты – біз қандай жағдай жасайтынымызға және оны қандай мазмұнмен толтыратынымызға байланысты», – деді Әлібек Әлденей.
Жобаның тұжырымдамасын урбанистика саласын дамытуға бағытталған URBOTEKA қорының құрылтайшысы Кристина Бекмурзаева таныстырды. Оның айтуынша, нысанды қайта жаңғырту кезінде ғимараттың Қарағанды тарихындағы орнына ерекше мән берілген. Бірнеше буынның естелігіне айналған кинотеатр ғимараты көптеген қала тұрғыны үшін жастық шақпен, студенттік жылдармен және балалықпен байланысты. Сондықтан жобада оның көпшілікке таныс сыртқы келбетін барынша сақтау көзделген. «Көптеген қарағандылықтар үшін бұл орын жастық шақпен, студенттік кезеңмен, балалықпен байланысты жылы естеліктерді сақтайды. Сондықтан ғимараттың көпшілікке таныс келбетін сақтай отырып, оған жаңа өмір беру маңызды болды», – деді Кристина Бекмурзаева.
Жаңартылған ғимаратта бір кино залы сақталады. Алайда ол бұрынғыдай тек фильм көрсетуге арналған орын болмайды. Көпфункционалды залда кинокөрсетілімдермен қатар, кездесулер, тұсаукесерлер, пікірталастар және басқа да мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Ал екінші зал коворкинг кеңістігі ретінде жабдықталады. Мұнда жастар жұмыс істеп, білім алып, жобалар әзірлеп, шығармашылық бастамаларын жүзеге асыра алады.
Жастар үйінің тағы бір ерекшелігі – заманауи технологияларға арналған AI-аймақтың қарастырылуы. Сонымен қатар ғимаратта Ғарыш музейінің экспозициясын орналастыру ұсынылып отыр. Бұл жастардың жаңа технологиялар мен ғылымға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Интерьер дизайнында Қарағандының өзіндік болмысын айқындайтын элементтерге басымдық берілмек. Атап айтқанда, кеңістікті безендіру кезінде қаладағы мозаикаларға тән көркемдік сарындар пайдаланылмақ. Ғимараттың алдына да арнайы арт-нысан орнату жоспарланған. Кортен-болаттан жасалатын композиция Қарағандының индустриялық тарихын және еңбек адамдарының еңбегін бейнелейді. Жоба тек ғимараттың ішкі кеңістігімен шектелмейді. Нысанның артқы жағындағы аумақта жазғы кинокөрсетілімдер, концерттер және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға арналған ашық амфитеатр салу көзделіп отыр.
Кейіннен Жастар үйіне іргелес аумақты да кезең-кезеңімен дамыту жоспарланған. Осылайша нысан тек жастарға арналған ғимарат емес, қала тұрғындары бас қосатын ашық қоғамдық кеңістікке айналмақ. «Біз жастар саясаты басқармасымен бірге осы кеңістіктің әр шаршы метрінде қала мен облысқа барынша пайда әкелетін өз функционалы болуы үшін көп жұмыс атқардық», – деді Кристина Бекмурзаева.
Жоба авторларының пайымынша, Жастар үйі жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың қоғамдық және шығармашылық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда түрлі білім беру бағдарламаларын, мәдени іс-шараларды, жастар жобалары мен әлеуметтік бастамаларды өткізуге жағдай жасалмақ.
Қазір жоба жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңіне өтеді. Алдағы уақытта нысанды жаңғырту жұмыстарының нақты мерзімі мен көлемі айқындалмақ.
Осылайша, қарағандылықтардың бірнеше буынына таныс бұрынғы кинотеатр ғимараты өзінің тарихи келбетін сақтай отырып, жаңа мазмұнға ие болмақ. Бұрын фильм тамашалаған тұрғындар жиналатын орын енді жастардың жаңа идеялары мен жобалары тоғысатын заманауи орталыққа айналуы мүмкін.