Ауыл шаруашылығы шикізатынан – дайын өнімге

0 0

Ақмола облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында өндірістік әлеуетті арттыруға басымдық беріліп отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін тек шикізат күйінде сатпай, оны дайын өнімге айналдыру – өңір экономикасын дамытудың маңызды тетігі. Бұл бағытта Көкшетау қаласында жұмыс істеп тұрған «GARANTI EXPORT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік жобасы айрықша маңызға ие.

Кәсіпорын жылына 30 мың тоннаға дейін бұршақ, майлы және дәнді дақылдарды өңдеуге қауқарлы заманауи кешенді іске қосып, өңірдің қайта өңдеу саласына тың серпін берді. 2017 жылы құрылған компания жаңа өндіріс нысанын 2025 жылы пайдалануға берді. Бүгінде мұнда өңделген өнімдер еліміздің ішкі нарығына жөнелтіліп қана қоймай, шетелдік тұтынушыларға да ұсынылуда.

Өндіріс орнының жұмыс барысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде танысты. Кездесу барысында кәсіпорынның өндірістік мүмкіндіктері, өнім өткізу нарықтары және алдағы даму жоспарлары сөз болды.

Қазіргі таңда «GARANTI EXPORT» өнімдеріне шетелдік нарықтарда сұраныс жоғары. Компания Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия және Еуропалық одақ елдерімен сауда байланысын жолға қойған. Бұл – өңірде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Ақмоланың экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Облыс басшысы өңірде қалыптасқан мол шикізат қорын тиімді пайдаланып, терең өңдеу бағытындағы жобаларды көбейтудің қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда облыста майлы дақылдар егілетін алқаптар төрт есеге өсіп, 838 мың гектарға жеткен. Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып отыр.

«Бүгінде ауыл шаруашылығы шикізатын өсіріп, сатумен ғана шектелмей, оның негізінде қосылған құны жоғары өнім шығару маңызды. Ендігі міндет – облыс аумағында өнім өңдеуді жүйелі түрде дамыту. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтады», – деді Марат Ахметжанов.

Өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында компания басшылығы қосымша элеватор салуды жоспарлап отыр. Жаңа нысан іске асқан жағдайда шикізатты қабылдау мен сақтау мүмкіндігі артып, өндірістік үдерістің үздіксіздігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар дайын өнім көлемін көбейтуге де жол ашылады.

Жалпы, «GARANTI EXPORT» секілді кәсіпорындардың дамуы ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Шикізатты терең өңдеу арқылы өнімнің нарықтық құнын арттыру, жаңа сауда бағыттарын игеру және өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру – Ақмола облысының аграрлық секторындағы басым міндеттердің бірі. Мұндай бастамалар өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, отандық өнімнің халықаралық нарықтағы орнын бекемдеуге де мүмкіндік береді.