Адал еңбек – Адал табыс

0 7

Жамбыл облысында «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында «Жұмысшы мамандықтары жылының» салтанатты ашылуы өтті. ​«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өткен іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, басқарма басшылары, ЖОО-ның ректорлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ірі кәсіпорын өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.

​– Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы – еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. ​Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Қарапайым еңбегімен адал табысқа жетіп жүрген мамандарға құрмет көрсетуіміз керек, – деген облыс әкімі «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында жүзеге асырылатын жобаларға тоқталып өтті.

​Өңірде биыл 37 инвестициялық жоба қолға алынады. Соның арқасында 1300-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады десек, оның 91 пайызы жұмысшы мамандықтарына арналған. ​2025-2026 жылдары «ІТ hub» орталығын ашу, халықаралық салалық аккредиттеуден өту, кәсіпорындар мен мекемелердің сұранысына мақсатты білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандық ашу жұмыстары жалғасын таппақ.

​Облыс аумағында 42 колледж бар, онда 28 мыңнан астам жас білім алуда. ​2022 жылдан бастап кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мақсатты кадр даярлау жұмыстары жалғасуда. ​Мемлекет тапсырысы бойынша оқитын студенттер қатары артып келеді: соңғы үш жылда білім алған 8 мыңнан астам түлектің 86 пайызы жұмыспен қамтылған.

​Өңірге қажетті әрі сұранысқа ие кәсіптерді анықтау мақсатында жаңа мамандықтар атласы әзірленді. ​Бұдан бөлек, Мойынқұм колледжіндегі қолданыстағы «Дәнекерлеу ісі», «Электрмен жабдықтау» мамандықтары жаңғыртылады.

​Жаңа оқу жылында «Гидрогеологиялық және инженерлік геология», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» мамандықтарын ашу жоспарлануда. ​Алдағы уақытта атом электр станциясы құрылысына қажетті кадр даярлау жұмыстары қолға алынбақ.

– Аймақтың дамуы еңбек адамдарының қолында! «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында жүзеге асатын жобалар – өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің өркендеуіне серпін берері анық, – деді Ербол Қарашөкеев.

​Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ерасыл Үсенов өз сөзінде Президентіміздің «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын қолдай отырып, жастарды ерінбей еңбек етуге, үздіксіз білім алуға, өз кәсібін жетік меңгеруге, еліміздің дамуы жолында аянбай тер төгуге шақырды. Ал, Жамбыл индустриалды технологиялық колледжінде «дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша білім алатын жалғыз қыз Виктория Маркова ​«Дәнекерлеу ісі – ауыр еңбек қана емес, шыдамдылық пен дәлдікті қажет ететін өнер. Мен бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін», деп түйіндеді.

​«Жұмысшы мамандықтары жылының» салтанатты ашылуында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жұмыс беруші кәсіпорындардың көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қатысушылар колледждердегі оқу бағдарламаларымен танысып, кәсіптік білім берудің заманауи мүмкіндіктерін көрді. ​Ғылыми эксперименттер, мастер-класстар, шеберлік сабақтары өтті.

​Сонымен бірге, отыздан астам кәсіпорын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұсынса, келіссөз алаңында колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті нығайтуға, түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ кадрларды даярлау ісін жандандыруға бағытталған сегіз меморандумға қол қойылды.

​Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.