Ақпарат саласының үздігі

0 1

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында «Жазушымен бір күн» акциясы аясында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақпарат саласының үздігі, шонатанушы, белгілі журналист Ерман Әбдиевпен 50 жас мерейтойына орай кездесу өтті.

«Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғалидың ұйытқы болуымен  ұйымдастырылған «Азамат. Қайраткер. Қаламгер» тақырыбындағы шығармашылық кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, журналист Баймахамбет Ахмет, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті, журналистика және саясаттану факультетінің докторанты Зауреш Қойгелдиева, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім меңгерушісі Марат Құлыбаев, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Дәурембеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенттері қатысты.

Ерман Қанжанұлы еңбек жолын ұстаздықтан бастап, білім саласында жемісті еңбек еткен. Облыстық «Aq jol» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде тілші, бас редактордың орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы, республикалық «Айқын» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында аға ғылыми қызметкер сынды жауапты қызметтер атқарған. Бүгінде республикалық «Қазақстан теміржолшысы» газетінің облыстағы меншікті тілшісі. Журналистикадан бөлек жазушылық қырымен де танылған қарымды қаламгер «Шоқ тілді Шона», «Танымал әннің тарихы», «Нарша деген…», «Серік деген…», «Әзімбек деген…» кітаптардың авторы. Оның құрастыруымен композитор Мэлс Өзбековтің «Мэлстің музасы», Нарша Қашағанұлының «Бітпейтін кітап», Қаратай Адамбаевтың «Жылдар, ойлар» кітаптары жарық көрген.

Мерейтой иесін Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил қабылдап, иығына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді.