Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Сарға ауылының тұрғындары көп ұзамай орталықтандырылған ауызсу жүйесін пайдалануға мүмкіндік алады. Елді мекенде су тазарту ғимараты мен ауылішілік құбыр желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстардың 90 пайызы орындалған.
Бейнеу ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Сарға ауылындағы құрылыс алаңын аралап, жобаның жүзеге асу барысын көрді. Мердігерлермен кездесуде құрылыс сапасы, инженерлік жабдықтардың дайындығы және нысанды пайдалануға беру мерзімі талқыланды.
Жоба аясында ауылдың сумен жабдықтау жүйесі жаңадан қалыптастырылуда. Бүгінде тұрғын үйлерге дейін су құбырлары тартылып, сорғы станциясының құрылысы толық аяқталған. Қажетті жабдықтар да орнатылған. Ал су тазарту ғимаратының құрылысы 85 пайызға, құбыр желілерін жүргізу жұмыстары 95 пайызға орындалған. Аумақты абаттандыру көрсеткіші 90 пайызды құрайды.
Құрылыс жұмыстарын «Альянс ЛТД» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігер ұйым қалған жұмыстарды аяқтап, инженерлік жүйелердің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етуге кіріскен. Нысанды биылғы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Жоба іске қосылғаннан кейін Сарға тұрғындары орталықтандырылған жүйе арқылы ауызсу алады. Бұл ауылдағы тұрмыстық жағдайды жақсартып қана қоймай, елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға да серпін бермек. Әсіресе, су жеткізу мәселесінің шешілуі ауыл халқы үшін маңызды әлеуметтік өзгерістердің бірі болмақ.
Аймақ басшысы құрылысқа жауапты мекемелер мен мердігер компания өкілдеріне жұмысты белгіленген кестеден кешіктірмеуді тапсырды. Сонымен қатар пайдалануға берілетін жабдықтардың сапасына және су жүйесінің үздіксіз қызмет көрсетуіне ерекше мән беру қажеттігін ескертті.
Ауызсу инфрақұрылымын дамыту – ауылдық елді мекендердің өмір сапасын арттырудағы негізгі басымдықтардың бірі. Сарға ауылындағы жобаның аяқталуы тұрғындардың таза ауызсуға қолжетімділігін кеңейтіп, өңірдегі инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының жалғасы болмақ.