Шиелі ауданында «Алтын күз – 2026» мерекесі аясында күзгі жиын-терім науқанының қорытындысы шығарылып, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегі ұлықталды. Қазақ даласында күріш өсірудің жаңа белесін қалыптастырған даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың туғанына 135 жыл толуына орайластырылған іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері, Құрылтай депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен еңбек ардагерлері қатысты.
Мерекелік жиынның шымылдығы «Жұлдызы жарық Шиелі» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Сахналық көріністе әйгілі күрішші өмірінің өнегелі тұстары мен ел игілігі жолындағы еңбегі көрініс тапты. Бұл – бір ғана тұлғаның өмір жолын дәріптеу емес, маңдай терімен туған жердің мерейін өсірген тұтас еңбек буынына көрсетілген құрмет.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласының өңір экономикасындағы орнына тоқталып, дала еңбеккерлерінің маусымдық науқанды табысты аяқтаудағы үлесін атап өтті. Оның айтуынша, биыл аграрлық саланы мемлекеттік қолдауға 37 млрд теңге бағытталған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе жоғары көрсеткіш. Ал жылдың алғашқы тоғыз айында облыста 178 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.
Өңір басшысы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында Сыр диқандарының күрделі климаттық жағдайда жүгері мен соя өсіріп, өнімді терең өңдеуге бет бұрғанын атап өткенін де жеткізді. Бұл аграрлық секторды әртараптандыру мен жаңа өндірістік бағыттарды дамытуға мүмкіндік беретін бастамалардың бірі ретінде бағаланды. «Күннің ыстық-суығына қарамай, уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек етіп, ел қамбасын астыққа толтырған барша диқандарымызға айрықша алғысымды білдіремін. Өңірдегі тұрақтылық пен экономикалық өсім – сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі», – деді Мұрат Ергешбаев.
Мерекенің басты бөлігі – еңбек адамдарына құрмет көрсету рәсімі болды. Ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген азаматтарға Премьер-Министрдің және облыс әкімінің Алғысхаттары табысталды. Сонымен қатар «Үздік шаруашылық», «Озат күріш өсіруші», «Озат комбайншы» номинациялары бойынша І, ІІ, ІІІ дәрежелі марапаттар берілді. Бірқатар еңбек озаттарына тұрғын үй кілті мен 1 миллион теңгелік қаржылай сертификаттар тапсырылды. Ал Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Ыбырайұлына автокөлік сыйға тартылды.
Жиында Құрылтай депутаты Серік Қожаниязов пен Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев құттықтау сөз сөйлеп, ауданның құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сұлтанбек Қойшыбайұлы ақ батасын берді.
Осылайша, «Алтын күз – 2026» мерекесі ауыл шаруашылығы саласының қорытындысын түгендеп қана қоймай, ұрпаққа үлгі болған еңбек дәстүрін дәріптейтін тағылымды басқосуға айналды. Шиелідегі бұл іс-шара егін даласында төгілген тер мен ел ырысын еселеуге үлес қосқан азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрметтің көрінісі болды.