Каспий жағалауындағы табиғи өзгерістер соңғы жылдары теңізге жақын орналасқан өңірлердің күн тәртібіне жаңа міндеттер шығарды. Су деңгейінің құбылуы, климаттың өзгеруі, теңіз ортасының ластануы мен тірі табиғаттың азаюы Маңғыстау үшін де назардан тыс қалмайтын мәселеге айналып отыр. Себебі Каспийдің ахуалы жағалаудағы экологиямен қатар, экономика мен халықтың тұрмысына да әсер етеді.
Осы мәселелер Маңғыстауда өткен халықаралық жоғары деңгейдегі кездесуде кеңінен сөз болды. Сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдері теңіздің қазіргі жағдайын бағалап қана қоймай, өзгерістерге бейімделудің нақты тетіктерін қарастырды.
Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі – Каспий суының теңгерімі мен теңіз деңгейіндегі өзгерістерді жүйелі зерттеу. Осы мақсатта БҰҰ Даму бағдарламасы Жапония Үкіметінің қолдауымен жаңа жобаны жүзеге асырып жатыр. «Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайындағы тұрақтылықты арттыру» бастамасы теңіздегі өзгерістердің ауқымын анықтап, олардың жағалау аумақтарына ықпалын бағалауға мүмкіндік бермек. Жоба аясында су деңгейінің динамикасы, теңіз экожүйесінің жағдайы және биоалуантүрліліктің өзгеруі зерттеледі. Сондай-ақ жағалау аумақтарының тұрақтылығы қарастырылып, табиғи ортаға түсетін қысымды азайтуға бағытталған бастамаларға гранттық қолдау көрсету көзделген.
Мамандар үшін мұнда ең маңыздысы – шешім қабылдауда нақты дерекке сүйену. Осыған байланысты жиында цифрлық технологияларды пайдалану мәселесі де қозғалды. Каспий бойынша жиналған ақпаратты аумақтық жоспарлау жүйесіне енгізу ұсынылып отыр. Мұндай тәсіл болашақта құрылыс жүргізу, инфрақұрылым тарту немесе инвестициялық жобаларды орналастыру кезінде экологиялық тәуекелдерді алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Мәселенің ауқымы оның халықаралық сипатынан да көрінеді. Кездесуге Қазақстанның мемлекеттік органдарымен бірге БҰҰ өкілдері, Жапония дипломаттары, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық, экологтар мен қоғамдық сектор мүшелері қатысты.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Каспийдің жағдайын сақтау бір ғана мекеменің міндеті емес екенін атап өтті. «Каспий теңізі – Маңғыстаудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дамуының маңызды бөлігі. Оның жағдайы тұрғындардың тұрмысы мен өңірдің болашағына тікелей әсер етеді. Бүгінгі диалогтың басты нәтижесі Каспийдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған нақты практикалық қадамдар болуы тиіс», – деді Ербол Ізбергенов.
Кездесудің сараптамалық сессияларында экологиялық бастамаларды қаржыландыру, жағалау аумақтарының тұрақтылығын арттыру және теңіз экожүйесін қорғаудың жаңа тәсілдері қарастырылды. Ғылыми зерттеулердің нәтижесін өңірді дамыту жоспарларына енгізу де маңызды бағыт ретінде белгіленді.
Каспийдегі өзгерістерді бір күнде тоқтату мүмкін емес. Алайда оның салдарын алдын ала бағалап, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және жағалау аумақтарын дұрыс жоспарлау арқылы экологиялық тәуекелдерді азайтуға болады. Маңғыстаудағы кездесудің түпкі мәні де осында – теңіздің бүгінгі жағдайын зерттеп қана қоймай, оның ертеңіне арналған ортақ шешім қалыптастыру.
Каспийдің келешегі жағалаудағы бір ғана өңірге емес, оны бөліп тұрған мемлекеттердің барлығына ортақ. Сондықтан ғылыми дерек, халықаралық тәжірибе және жергілікті бастамалар бір арнаға тоғысқанда ғана теңіздің экологиялық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік артады.