Тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесі жаңаруда

0 5

Шымкентте әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көрсетілетін қызметтердің ауқымы кеңейіп келеді. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланып, қаладағы әлеуметтік нысандардың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева 2024–2026 жылдар аралығында бірнеше жаңа орталықтың іске қосылғанын атап өтті. Соның нәтижесінде тұрғындарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған орындар саны артқан.

Атап айтқанда, «№1 стационар жағдайдағы орталығына» арналған қосымша 50 орындық ғимараттың құрылысы аяқталған. Қазір нысанды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, «Сенім» және «Балауса» орталықтары іске қосылып, тиісінше 50 және 150 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік қалыптасты.

Әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі күшейту мақсатында 150 орынға есептелген мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы салынуда. Құны 14,052 млрд теңге болатын нысанның құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалған. Орталықты биылғы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған.

Балаларға арналған «Қолдау» орталығын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 574,9 млн теңге көлемінде қолдау көрсету жоспарланып отыр. Ал бұрын жалға алынған ғимаратта орналасқан «Белсенді ұзақ өмір орталығының» жаңа нысанға көшуі бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берген. Осы шешімнің нәтижесінде 109,6 млн теңге үнемделген.

Қаладағы әлеуметтік қызмет көрсету желісін одан әрі кеңейту жоспары да бар. «Бейімдеу орталығына» қосымша 100 орындық ғимарат салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Отырыста қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасының жұмысы, сондай-ақ инфрақұрылым саласындағы мәселелер де қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелері жауапты басқарма басшыларына сауалдарын қойып, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мен қала инфрақұрылымына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу көзделіп отыр.