Тау бөктеріндегі Текелі енді тұрғындар мен қала қонақтарын табиғат аясында тынығып қана қоймай, белсенді демалыс өткізуге шақыратын жаңа орынмен толықты. Қаланың көрікті аумағында «Серкесай» экопаркі ашылып, көпшілікке есігін айқара ашты. Таза ауа, таудың көрінісі және абаттандырылған демалыс орындары үйлесім тапқан нысан алдағы уақытта өңірдің туристік әлеуетін арттыратын орындардың біріне айналмақ.
Экопарктің алғашқы кезеңінде келушілерге қажетті негізгі жағдайлар жасалған. Мұнда автотұрақ, бес демалыс шатыры, орындықтар мен үстелдер орнатылып, санитарлық торап жабдықталған. Сонымен қатар таулардың көркем көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін, теңіз деңгейінен 1700 метр биіктікте орналасқан шолу алаңы жасалды. «Таутеке» деп аталатын екі шағын сәулет нысаны да аумақтың табиғи келбетіне үйлесім тауып тұр.
Жаңа демалыс орнының ерекшелігі – мұнда табиғатты тамашалауға келген адамға ғана емес, белсенді өмір салтын ұстанатындарға да мүмкіндік қарастырылған. Экопарк аумағында спорттық және туристік іс-шаралар өткізуге жағдай жасалып отыр. Ашылу күні туристік көпсайыс пен спорттық альпинизм көрсетілімдері ұйымдастырылып, скандинавиялық жүрістен жарыс өтті.
Жиынға Текелі тұрғындарымен қатар, қала қонақтары, кәсіпкерлер, қолөнер шеберлері, спортшылар мен туризм саласының өкілдері қатысты. Келушілер үшін жергілікті өнімдер мен ұлттық өнерді таныстыратын арнайы көрме ұйымдастырылды. Мұнда омарташылық өнімдер, табиғи косметика, ұлттық зергерлік бұйымдар және қолөнер туындылары ұсынылды. Текеліге тән танымал прәндіктен де дәм татуға мүмкіндік болды.
Этномәдени бағыттағы көрме барысында бүркітшілік, тазы өсіру дәстүрі және ұлттық қолөнер үлгілері көрсетілді. Ал шығармашылық алаңда жас өнерпаздар домбыра, қобыз, жетігенмен музыкалық шығармалар орындап, жас суретшілер өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Экопарктің туристік әлеуетін таныстыруға Текелі кәсіптік колледжінің мамандары да атсалысты. «Туристік қоржын» көрмесінде саяхатқа қажетті құрал-жабдықтар көрсетіліп, келушілерге туристік бағыттар жөнінде ақпарат берілді.
«Серкесайдың» ашылуы Жетісу облысында биыл пайдалануға берілген үш экопарктің соңғы жобасы болды. Бұған дейін Сарқан ауданында «Қойтас», Талдықорған қаласында «Тасбақа» экопарктері іске қосылған. Бұл нысандар Мемлекет басшысының тапсырмасы және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық аясында жүзеге асырылып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың айтуынша, «Серкесайдың» мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Алдағы кезеңдерде өздігінен демалуға арналған жаңа орындар жасау, жарықтандыру жүйесін орнату, бейнебақылау камераларын көбейту және интернет желісін тарту жоспарланған. Яғни, экопарк кезең-кезеңімен дамытылып, келушілер үшін қолайлы жағдай одан әрі жетілдіріледі.
Жаңа орынның алғашқы келушілері де өз әсерлерімен бөлісті. Талдықорғаннан арнайы келген Анна Хохарина табиғат аясындағы демалыс үшін жасалған жағдайды жоғары бағаласа, Алматыдан келген турист Балтабай Саусақов Текелінің тау табиғаты белсенді демалыс үшін қолайлы екенін атап өтті.
Жергілікті тұрғындар үшін де «Серкесайдың» ашылуы – қаладағы демалыс орындарын көбейтетін маңызды жаңалық. Ендігі міндет – жасыл аумақты таза ұстап, табиғи ортаны бүлдірмей пайдалану. Себебі жаңа экопарк тек демалыс орны емес, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыратын ортаға да айналуы тиіс.
Тау табиғаты мен заманауи инфрақұрылымды тоғыстырған «Серкесай» осылайша Текелінің туристік картасынан жаңа орын алды. Алдағы уақытта мұнда спорттық жарыстар, мәдени іс-шаралар мен туристік бағыттарды дамытуға арналған жобалардың жүзеге асуы экопарктің қала өміріндегі маңызын арттыра түспек.