«Carlsberg Kazakhstan» компаниясының жаңа зауыты іске қосылды

0 3

Алматы облысының Боралдай ауылында жаңа өндіріс орны жұмысын бастады. Өндірістің ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Данияның сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен және компания өкілдері қатысты. Қонақтар кәсіпорынның жұмысымен танысып, өндірістік желілерді іске қосты.

«Carlsberg Kazakhstan» компаниясы салған кәсіпорын алкогольсіз сусын шығаруға бағытталған. Жобаға 344 млн доллар инвестиция салынған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1 млрд литрге дейін жетеді. Кәсіпорын толық қуатына шыққан кезде жергілікті 230-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Өндірілген өнім Қазақстанда сатылып қана қоймай, ТМД елдеріне де жөнелтіледі.

Кәсіпорынның алғашқы кезеңінде бес өндірістік желі іске қосылды. Мұнда сусындардың бірнеше түрі дайындалып, қапталады. Компания өндірісте қажетті шикізатты жергілікті жеткізушілерден алуды көздеп отыр. Бұл отандық өндірушілер үшін жаңа өткізу нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа зауытта су мен электр энергиясын тиімді пайдалануға арналған технологиялар қолданылған. Келесі кезеңде қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамыту жоспарланып отыр.

Өңір басшылығының мәліметінше, жобаның жүзеге асуы Алматы облысына тартылған инвестиция көлемін арттырып, өнеркәсіптік өндірістің жаңа бағытын қалыптастыруға ықпал етеді. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық байланысты кеңейтуге де бағытталған. Осыған байланысты Қонаев қаласында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтіп, инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды.