Алматыда Орталық Азияның алғашқы дрифт кубогы өтті

0 3

Алматы облысындағы Sokol International Circuit автодромы халықаралық дрифт додасының алаңына айналды. Мұнда Орталық Азияда алғаш рет FIA Central Asia Drifting Cup 2026 жарысы ұйымдастырылып, бес елден келген 20 автошабандоз өзара бақ сынады.

Үш күнге созылған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейдің пилоттары қатысты. Қазақстан мен Қырғызстанның автомотоспорт федерациялары бірлесіп өткізген додада шабандоздар алдымен іріктеу кезеңінен өтіп, кейін жұптық жарыста шеберліктерін көрсетті.

Жоғары жылдамдық, күрт бұрылыстар мен дәл есеп дрифт жарысының негізгі ерекшелігі болды. Жанкүйерлер автодромдағы тартысты сәттерді тамашалап қана қоймай, пилоттармен кездесіп, жарыс көліктерін жақыннан көруге мүмкіндік алды. Ашылу салтанатында Қазақстан, Қырғызстан және FIA жалауларын ұстаған парашютшілердің өнер көрсетуі де көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев халықаралық жарыстың өңірде өтуі автоспортты дамытуға және Орталық Азия елдері арасындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ал FIA Дрифт комиссиясының төрағасы Коичи Мурата ұйымдастырушылар мен мамандарға алғыс білдірді.

Финалдық бәсекеде күтпеген жағдай тіркелді. Қазақстандық пилот Олег Хридочкиннің көлігінің рөл гидравликалық күшейткіші істен шыққан. Механиктер ақауды белгіленген бес минут ішінде жөндей алмағанымен, шабандоз жарысты жалғастырып, нәтижесінде бас жүлдені иеленді.

Nissan 200SX көлігімен өнер көрсеткен Олег Хридочкин чемпион атанды. Екінші орын Nissan 350Z тізгіндеген Михаил Пакқа, үшінші орын Александр Бочкаревке бұйырды. Үш жүлдегер де – Қазақстан өкілдері.

Жеңімпазға 6,5 миллион теңге, күміс жүлдегерге 4,5 миллион теңге, үшінші орын иегеріне 3,5 миллион теңге ақшалай сыйақы табысталды. FIA-ның жаңа аймақтық кубогы Орталық Азия пилоттарына халықаралық деңгейдегі бәсекеде тәжірибе жинауға мүмкіндік берді.