Атбасардың алдында жаңа міндеттер тұр

0 6

Атбасар үшін ауыл шаруашылығы науқанының аяқталуы – жылдық жұмыстың қорытындысы ғана емес, ауданның алдағы даму бағытын бағамдайтын кезең. Биыл мұнда егіс көлемі ұлғайып, астық түсімі молайса, ендігі міндет – өндірістегі өсімді қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық өзгерістерімен ұштастыру. Осы мәселелер Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Атбасар ауданы тұрғындарымен кездесуінде кеңінен талқыланды.

Ауданда биыл 474,2 мың гектар алқапқа егіс орналастырылды. Оның ішінде майлы дақылдардың көлемі үш есеге артып, 50 мың гектарға жетті. Дәнді дақылдарды жинау науқанын аудан облыста алғашқылардың бірі болып аяқтады. 397,5 мың гектар алқаптан 635 мың тоннадан астам астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 16 центнер болды.

Науқан барысында жоғары көрсеткішке қол жеткізген шаруашылықтардың қатарында «Новосельское», «Шуйское-ХХI», «Шыңғыс-1», «Алтындан» және «Әріп-Агро» бар. Бұл шаруашылықтар егін жинауды аудандық орташа көрсеткіштен жоғары өнімділікпен аяқтаған.

Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемін арттыруға мемлекеттік қолдау да ықпал етіп отыр. Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілетін қолдау 1,7 есеге өсіп, 19 миллиард теңгеге жетті. Қаражат жеңілдетілген несие беруге, субсидиялауға және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға бағытталуда.

Өңір басшысы үшін ендігі мәселе – осы қаржының нақты нәтижесін көрсету. Яғни, мемлекеттік қолдау жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға әсер етуі тиіс.

Атбасардың болашағын сөз еткенде қаланың қазіргі келбеті мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Урбанистика орталығының мамандары арнайы зерттеу жүргізіп, халықтың қала аумағынан көшіп кету себептерін анықтаған. Зерттеу нәтижесінде Атбасарды дамытудың бірқатар бағыттары ұсынылған.

Қалада тұрғындардың бос уақытын өткізуге арналған заманауи нысандардың қажеттілігі де байқалады. Алдағы уақытта Спорт сарайын, кинотеатр мен спорттық-сауықтыру орталығын салу, жағалауды абаттандыру және серуендеу аймақтарын қалыптастыру мәселесі қарастырылмақ. Мұндай жобаларды жүзеге асыруда қоғамдық ұйымдар мен тұрғындардың ұсыныстарын ескеру қажеттігі айтылды.

Инфрақұрылымның маңызды бөлігі саналатын жолдардың жай-күйін жақсарту жұмыстары да жалғасып келеді. Биыл бұл мақсатқа 888,1 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде «Атбасар–Сочинское» автожолының 14,6 шақырымдық бөлігі жөнделді. Сочинское ауылындағы көшелерді жаңарту жұмыстары басталды. Қаладағы көлік инфрақұрылымының тағы бір маңызды нысаны – жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында да өзгерістер бар. Ауданаралық аурухананың негізгі корпусында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балалар бөлімшесінің күрделі жөндеуі аяқталып, палаталар мен санитарлық бөлмелер жаңартылды. Ғимараттағы жарықтандыру және желдету жүйелері де жақсартылды. Сонымен бірге МРТ аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын.

Медицина саласындағы тағы бір маңызды мәселе – мамандармен қамтамасыз ету. Биыл ауданға 22 жас дәрігер келді. Ауылдық жерлерге жұмысқа барған мамандарға 8,5 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қарастырылған. Сочинское ауылын дәрігермен және жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету мәселесі де шешілді.

Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің ішінде баспанаға қатысты сұрақтар да болды. Азаматтардың өтініштері бақылауға алынды. Кездесуден кейін облыс әкімі жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады.

Атбасардағы бүгінгі өзгерістер ауданның алдында тұрған міндеттердің ауқымды екенін аңғартады. Бір жағынан, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін сақтау және арттыру көзделсе, екінші жағынан, қаланың инфрақұрылымын жаңартып, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту қажет. Ал бұл жұмыстардың түпкі нәтижесі тұрғындардың күнделікті өміріндегі өзгерістерден көрінуі тиіс.