Семейде Қала күні думанды кешпен аяқталды

0 1

Семейде Қала күніне арналған мерекелік апта өз мәресіне жетті. Бір апта бойы қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени және спорттық бағдарламалар ұйымдастырылып, мереке Республика алаңындағы Open Air форматындағы гала-концертпен түйінделді.

Биылғы мерекелік бағдарлама қаланың тарихи-мәдени мұрасына арналды. «Семейді сүю – тарихқа бас ию» тақырыбы аясында ұлттық спорт жарыстары, көрмелер, балалар фестивалі, концерттер мен түрлі мәдени шаралар өтті. Жалпы, мерекелік апта барысында 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылған.

Қала күніне орай өткен шараларда Семейдің тарихы мен ұлттық құндылықтарына ерекше мән берілді. Бәйге, аударыспақ, арқан тартыс, қол күресі, гір көтеру және «Семей батыры» сайыстары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар «TUNGI RUN – SEMEY» түнгі жүгіруі мен ұлттық ойындар тұрғындардың белсенділігін арттырды.

Мерекелік кеште қазақстандық өнерпаздармен бірге шетелдік әншілер де сахнаға шықты. Кеш қонақтары қатарында Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM O-ZONE болды. Сондай-ақ Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, AYREE және Ернар Амандық өнер көрсетті.

Мерекелік бағдарлама отшашумен аяқталды. Осылайша, Семейдің Қала күні биыл кең ауқымда аталып өтіп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлаған бірқатар мәдени және қоғамдық шарамен есте қалды.