Үлкенге құрмет – нақты іспен

0 2

Семей қаласында жастар аға буын өкіліне көмек көрсетіп, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясының кезекті шарасын өткізді. «Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының 20 волонтері жалғызбасты ардагер Булат Каримовтың ауласына барып, тазалық жұмыстарын атқарды.

Белсенді жастар аула аумағын қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтіріп, ардагерге күнделікті тұрмыста атқаруға қиындық туғызатын бірқатар шаруаны орындауға қолғабыс етті. Бір қарағанда қарапайым еңбек болғанымен, мұндай қолдау жалғыз тұратын қарт адам үшін елеулі көмек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі шаралар Абай облысында жүйелі түрде өткізіліп келеді. Облыстық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Темірлан Бақтияровтың сөзінше, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы өңірде 30-ға жуық рет ұйымдастырылған.

«Біз үшін әрбір акция – аға буынға көмек көрсетумен қатар, жастарға жауапкершілік пен жанашырлықтың мәнін түсіндіретін мүмкіндік. Үлкенге құрмет бір күндік науқанмен шектелмеуі керек. Бұл – күнделікті өмірде көрініс табатын маңызды құндылық», – деді Темірлан Бақтияров.

Акцияға қатысқан Нұрай Занова да жастардың қоғамға пайдасын тигізудің үлкен істерден ғана тұрмайтынын атап өтті.

«Бізге қалыпты болып көрінетін бір сағаттық еңбек кей адамға айтарлықтай жеңілдік әкелуі мүмкін. Осындай бастамаларға қатысу арқылы әрқайсымыз қоғамға аз да болса пайда келтіре алатынымызды түсінеміз. Үлкенге құрмет көрсету – міндеттен бұрын адамдық қасиеттің белгісі», – деді ол.

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясының негізгі мақсаты – ардагерлерге әлеуметтік және тұрмыстық тұрғыдан қолдау көрсету ғана емес, жастар арасында мейірімділік, жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік құндылықтарын қалыптастыру. Осындай бастамалар арқылы аға мен кейінгі буын арасындағы байланыс нығайып, ұрпақтар сабақтастығының мәні нақты іспен көрініс табуда.