Еңбек заңнамасының сақталуы талқыланды

0 6

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Жиында еңбек заңнамасын сақтау, еңбек қауіпсіздігі, ұжымдық шарттар және азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері қаралды.

Облыстық еңбек инспекциясының 1308 кәсіпорында жүргізген мониторингі барысында 3062 еңбек шартының тіркелмегені анықталған. Сондай-ақ 6310 ұйым 34 мыңнан астам қызметкердің зейнетақы жарнасын уақытылы аудармаған.

Жалақы бойынша берешек мәселесі де назардан тыс қалмады. «Марко», «СуперМарко» және «Марко Бейкери» компанияларында жүргізілген тексеру нәтижесінде 122 жұмыскерге 43,9 миллион теңгеден астам жалақы қарызы бары анықталған. 2 қыркүйектегі мәлімет бойынша оның 19,3 миллион теңгеден астамы өтелген. Қалған берешекті компания өкілдері ай соңына дейін өтеуді жоспарлап отыр.

Кәсіподақтар орталығының мәліметінше, өңірдегі кәсіпорындардың небәрі 12 пайызында ұжымдық шарт бар. Сонымен қатар зейнеткерлікке шыққан 91 педагогке тиесілі біржолғы өтемақыларды төлеу мәселесі көтерілді.

Комиссия отырысында жазасын өтеп жатқан азаматтарды жұмыспен қамтуға да басымдық берілді. Қазіргі таңда Атырау облысындағы ҚАЖ мекемелерінде еңбекке қабілетті 919 адамның 555-і ақылы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен.

№15 мекемеде жаңа өндірістік ангарлар іске қосылып, онда 200-ге жуық сотталған еңбек етіп жатыр. Ал №79 әйелдер колониясында салынып жатқан екі ангар пайдалануға берілгеннен кейін 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Облыс әкімі еңбек құқықтарын қорғау, жалақы берешегін жою және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге проблемалы кәсіпорындар бойынша жедел шара қабылдап, ұжымдық шарттар жасасу жұмысын жандандыруды міндеттеді.

Болат Ақшолақовтың айтуынша, еңбек құқықтарының сақталуы мен тұрғындарды жұмыспен қамту өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі.