Санкт-Петербургтен Ақтөбеге жеткен құнды жәдігер

0 3

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына Арынғазы хан (1783-1833 жж.) ұрпақтарының ХХ ғасыр басындағы суреттері сақталған көне альбом тапсырылды. Жәдігерді тапсырушы — ақтаулық дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Әзірбай Ораз.

Ол — Ресей архивтерінен қазақтың алғашқы дәрігерлері туралы деректержинап жүрген зерттеуші. Ресейлік ғалым, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті, Ресей ҒА Биология институты Ботаникалық музейінің жетекші ғылыми қызметкері, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты Сергей Снигиревскиймен байланыс барысында анықтағанындай, Арынғазы ханның шөбересі, көпшілікке Ғалым Ахмедовтің 1981 жылы 17 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген, кейін кітаптарына да енген «Елін іздеген қыз» атты әңгімесі арқылы таныс Варвара Арынғазиева оған өзінің анасы Нина Простосердованың альбомын табыстап кеткен екен. Бұл — сырты күлгін түсті матамен қапталған шағын ғана көне альбом. Бірінші бетіне Сергей Снигиревский осы альбомды Ә. Ораз арқылы Ақтөбеге табыстайтыны туралы хат жазып беріпті. Көне альбом Әзірбай Оразға 2025 жылдың маусым айында Санкт-Петербургте тапсырылған.

Осы тұста тарихқа аз шегініс жасасақ, әскери дәрігер ретінде фин соғысына алынып, кейін ІІ дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан, бейбіт заманда Мәскеудің медицина мекемелерінде басшылық қызметте болған Варвара Арынғазиеваның ата-бабасы — Қазақ хандығының бастауындағы тұлғаның бірі Жәнібек ханның ұрпақтары. Берірек алсақ, олар Есім ханнан тарайды. 1816 жылы Арынғазы Әбілғазыұлын Кіші жүз рулары хан сайлайды. Бұл — қазақ жеріне патшаның пәрмені тарала бастаған уақыт. Арынғазы ханды патша үкіметі Ресей астанасына алдап шақырып, кейіннен Калугаға жер аударады. Арынғазы хан 1833 жылы 50 жасында сол жақта көз жұмған. Ал Варвараның әкесі Ғалиахмет Сапаұлы — Арынғазы ханның шөбересі. Ол ХХ ғасыр басында Қазан университетіне оқуға түсіп, дәрігер мамандығын алған. Ғалым Ахмедовтің 1980-жылдардың басында Варварамен кездесуден кейін жазған әңгімесі бойынша: «… Ғалиахмет, орысша аты Юрий, университет бітірген бойда орыс-жапон соғысына қатысып, ылғи алғы шепте жүріпті. Одан қайтқаннан кейін, патша үкіметі оқып жүрген кезінде революция қозғалысына араласқаны үшін Златоуст, Нижний Тагиль жағына жер аударады, еліне қайтуға, тұрған жерінен былай-былай шығуға рұқсат бермейді. Жас жігіт елін, тумаларын сағынады, бірақ амал жоқ, дәрігер болып қызмет істеп жүре береді.

Сол жақта Ғалиахмет бір орыс қызымен көңіл қосады. Ол заманда діннің ықпалы күшті. Қыздың әке-шешесі Ғалиахметке «христиан дініне көшсең ғана қызымызды береміз» деп шарт қояды».

Әзірбай Ораз арқылы облыстық музейге жеткен альбомдағы Снигиревскийдің хатынан біз осы орыс қызы, яғни Ғалиахметтің жарының аты-жөнін білеміз. Хатта: «Варвара Юрьевна — менің немере (двоюродная) әжем,медицина қызметінің майоры, ол ҰОС кезінде Берлинге дейін барған. Егер осы альбом Ақтөбенің, әсіресе ХХ ғасыр басындағы тарихын түгендеу жолында бір кәдеге асса, мен қуанар едім. Альбомда Простосердовтар отбасының өмірін көрсететін суреттер көп. Ғалиахмет Арынғазиевке тұрмысқа шыққан Нина Николаевна (Нуся) — осы отбасының қыздарының бірі» деп жазылған.

Ғалиахмет Нина Простосердоваға үйленіп, оның ата-анасының талабына мойынсынып, христиан дініне өтеді. Шіркеудің заңы бойынша қазақша аты-жөнін де өзгертіп, Юрий Геннадиевич деген жаңа ат алады, алайда тегі Арынғазиев болып қала берген. Кейіннен кеңес заманы орнағанда Ғалиахметтің елге оралмауына, тіпті бір көрініп кете алмауына осы өзге дінге өтуі басты себеп болған деп болжаймыз. Осы жерде Ғалым Ахмедовтің жоғарыдағы аталған деректі әңгімесіндегі Варвараның сөзін еске алсақ, әкесі оған былай дейді: «Елді көрмегеніме жиырма жылдан асты. Оқу бітіріп, соғыста болып, осында айдалып келген соң, ылғи полицияның бақылауында жүрдім. Басқан ізімді аңдып, қатты ұстады. Елге қайтармайтындарына көзім жеткен соң, осы жақта үйлендім. Амалсыздан христиан дініне көштім. Біздің қазақ халқы дінге берік болмағанмен де, өздерін мұсылман санайды. Өз араларынан біреу басқа дінге көшсе, оны «кәпір» деп аластайды. Мен сондай аласталған адаммын. Енді маған туған елді көру жоқ!»

Ғалиахмет пен Нинаның отбасында екі перзент дүниеге келген. Варвараның туған бауыры Борис те әке жолын қуып, Ленинградтағы медицина институтын бітіріп, дәрігер болып еңбек еткен. Бірақ 1937 жылы Борис Ғалиахметұлын кеңес өкіметі қудалап, Кушка қаласына жер аударып, артынан ату жазасына кескен. Кейбір деректер бойынша, Кушка — Түрікменстандағы қала. Ал Бористің қызы, әжесінің есімін алған Нина 1980-1989 жылдары Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінде басшылық қызметте болған. Нина 1932 жылы дүниеге келген.

Айта кетелік, Борис туралы бұл аз деректі Арынғазы ханның тағы бір ұрпағы, білім беру саласының ардагері Роза Арынғазиевадан көзі тірісінде жазып алған едік. Роза Арынғазиева Варвараның атасы Сапаның бірге туған бауыры Шайхисламнан тарайды. 1981 жылы Ғалым Ахмедовтың «Елін іздеген қыз» әңгімесі жарыққа шыққаннан кейін, тарихшы Баймұхамедов бұл туындыны Роза апайға әкеліп көрсетеді. Осыдан кейін ол Мәскеуге арнайы барып, Варвара Ғалиахметқызымен танысады. Сөйтіп 1982 жылы Варвара туыстарының шақыртуымен атамекенге екінші рет келеді. 1989 жылы 82 жасында дүниеден өткенше Ақтөбедегі туыстарымен үзбей хабарласып тұрған.

«Елін іздеген қыз» атты әңгіменің өзі — тақырыбынан байқалып тұрғандай, Варвараның әкесінің туыстарын іздеп Ақтөбеге келетін алғашқы сапары туралы туынды. Қаршадай қыз елін қатты сағынған әкесін аяп, оның туыстарымен қалайда бір қауышып қайту үшін, пойызға отырып, өзі ешқашан көріп-білмеген Ақтөбе қаласына жол тартады. Кейбір деректер бойынша, Варвара Ғалиахметқызы елге 1926 жылы келген. Ал араға тура бір ғасыр уақыт салып, Ғалиахметтің сағынышы көне альбомдағы суреттер түрінде елге тағы бір оралғандай…

Альбомда ХХ ғасырдың ең бастапқы жылдарынан орта тұсына дейінгі аралықтағы суреттер топтастырылған. Қызы Варвараны сәби кезінде еркелетіп қойған аты болса керек, оның барлық суреттерінің тұсында «Лялик» деген жазу бар. Ғалиахметтің Нинаның бауыры Николай Николаевичпен түскен суреті алғашқылардың қатарында тұр. Көпшілігі — альбом иесі Нинаның өз туыстарының, олардың балаларының суреттері. Тіпті отбасының мысығы да суретте сақталып қалыпты…

Әр суреттің астында дерек бар. Алайда суреттер өте-мөте көнерген, жазулары да — кей тұста түсінікті, кей тұста түсініксіз. Маманның аты — маман, түсініксіз жерде музейдің қор сақтаушы қызметкерлерінің үлкен көмегі тигенін айта кеткіміз келеді.

Сергей Снигиревский жоғарыда аталған хатында Арынғазиевтер әулетінің тарихын зерттеп жүрген Әзірбай Оразға алғысын жеткізеді. Орыс ғалымының айтуынша, Варвара Арынғазиева оған бұл альбомды 1980-жылдары табыстаған екен. Бұл өте құнды жәдігердің сақталып, бізге жетуі — үлкен сәттілік. Ал болашақта көне суреттер қалпына келтірілсе, құба-құп.