Қордайда полиметалл кенін өңдеудің тиімді технологиясы әзірленді

0 4

Қордай ауданындағы «Гагаринское» кен орнында полиметалл кендерін кешенді өңдеудің жаңа технологиясы әзірленді. Отандық мамандар жүргізген зерттеулердің нәтижесі кен орнында жаңа тау-кен байыту комбинатын салуға арналған жобалық шешімдердің негізіне айналды. Бұл бағыттағы жұмыстарды «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК филиалы – «Қазмеханобр» мемлекеттік өнеркәсіптік экология ғылыми-өндірістік бірлестігінің мамандары жүргізді.

Кен орнындағы зерттеу жұмыстары 2017 жылы басталған. Ғалымдар мен сала мамандары кеннің минералогиялық және химиялық құрамын зерделеп, оның құрамындағы пайдалы компоненттерді барынша тиімді бөліп алу жолдарын қарастырды. Ал 2023 жылы технологиялық шешімдерді жетілдіруге және бағалы металдарды өндіру тиімділігін арттыруға бағытталған зерттеулер жалғасты. Зерттеу барысында кеннің құрамындағы пайдалы компоненттердің қандай формада кездесетіні анықталды. Бұл өз кезегінде алтын, күміс, қорғасын және мырышты бөліп алудың оңтайлы әдістерін таңдауға мүмкіндік берді.

Мамандар әзірлеген негізгі шешім – құрамдастырылған гравитациялық-флотациялық технология. Оның ерекшелігі – кен құрамындағы бірнеше пайдалы компонентті бір технологиялық тізбек аясында кешенді түрде өңдеу. Алдымен бос күйіндегі алтын мен күміс гравитациялық әдіспен бөлініп алынады. Кейін қорғасын мен мырыш селективті флотация арқылы алынып, құрамында бағалы металдар бар өнім әрі қарай гидрометаллургиялық тәсілмен өңделеді.

Зертханалық және технологиялық сынақтардың нәтижесі алынатын концентраттардың сапасы жоғары екенін көрсетті. Мәселен, қорғасын концентратындағы қорғасын мөлшері 45,29 пайызға, алтын 67,70 г/т, ал күміс 1539,90 г/т жеткен. Ал мырыш концентратында мырыштың үлесі 50,03 пайызды, алтын 15,70 г/т, күміс 413,90 г/т құрады. Гравитациялық концентраттағы алтын мөлшері 78,90 г/т, күміс 203,10 г/т болса, құрамында алтын мен күміс бар өнімде алтынның мөлшері 3,61 г/т, күмістікі 57,80 г/т деңгейінде анықталған.

Зерттеу барысында бағалы металдарды барынша толық алу көрсеткіштеріне де ерекше мән берілді. Қарқынды циандау кезінде технологиялық тізбек бойынша алтынды бөліп алу деңгейі 86 пайызға, күмістікі 88 пайызға жетеді. Ал сорбциялық циандау тәсілінде алтынды алу көрсеткіші 87 пайыз, күмістікі 89 пайыз болған.

Осы нәтижелердің негізінде мамандар өзара байланысты екі технологиялық сызбаны әзірледі. Біріншісі – кенді құрамдастырылған байытуға, екіншісі – құрамында алтын мен күміс бар өнімдерді гидрометаллургиялық өңдеуге бағытталған.

Ғылыми зерттеудің маңызды тұсы – әзірленген технологияның тек зертханалық деңгейде қалып қоймай, өндірістік жобаға негіз болуы. 2025 жылы «Қазмеханобр» мамандары жылына 1 млн тонна кен өңдеуге мүмкіндік беретін байыту фабрикасын жобалауға арналған технологиялық регламент әзірледі.

Қазіргі таңда Қордай ауданында тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүргізіліп жатыр. Кәсіпорынның іске қосылуы кен орнындағы минералдық шикізатты тиімді игеруге, пайдалы компоненттерді кешенді түрде өндіруге және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға жол ашпақ. Жоба сонымен қатар отандық ғылыми әзірлемелерді нақты өндіріске енгізудің бір мысалы болмақ. Ғылыми-зерттеу нәтижелерінің өндірістік жобамен сабақтасуы Қазақстанның минералдық-шикізат базасын тиімді пайдалануға және қосылған құны жоғары өнім өндіру мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.

Қордайдағы «Гагаринское» кен орнын игеру – өңірдегі тау-кен өндірісін жаңа технологиялық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жобалардың бірі. Ал оны өңдеу технологиясының отандық мамандар тарапынан әзірленуі жобаның ғылыми және өндірістік әлеуетін қатар күшейтіп отыр.