Ірі тоннажды полипропилен қаптамаларын шығаруда

0 1

Ақтөбеде ірі тоннажды полипропилен қаптамаларын шығаратын кәсіпорын бар. Ірі тоннажды полипропилен қаптамалары дегеніміз —  көлемі үлкен және бірнеше тонна ауыр жүктерді тасымалдауға және сақтауға арналған өте берік жұмсақ контейнерлер. Оны өндірісте биг-бэг (big bag — үлкен сөмке) немесе жұмсақ контейнерлер деп айтады. Мұндай берік қаптамалар негізінен өнеркәсіп, ауылшаруашылығы және құрылыс саласында кеңінен қолданылады.

«FIBC KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — осыдан тоғыз  жыл бұрын ашылған өңірдегі отандық компанияның бірі. Жергілікті шикізатты пайдаланатын кәсіпорын ішкі нарықтағы ірі компанияларды қажетті өніммен қамтамасыз етіп отыр.

— Кәсіпорын 2017 жылы ашылды. Нарықта ірі өнеркәсіптік, тау-кен және химиялық кәсіпорындардың тарапынан сапалы, берік әрі қауіпсіз ірі көлемді қаптамаларға деген сұраныс көп екеніне көз жеткізгеннен кейін, әрі нарықтағы бұл тауардың басым бөлігі импортталатын болғандықтан, отандық өндірісті жолға қою туралы шешім қабылданды. Бүгінде кәсіпорында биг-бэгтер, вагон қаптамалары, пологтар «қорғаныш жабындар» мен строптар (жүк байлайтын белдіктер) шығарылады. Биг-бэг цемент, құм, түрлі қоспалар, тыңайтқыштар, түйіршіктелген пластик және басқа да құрғақ сусымалы материалдарды сақтау және тасымалдау үшін қолданылады. Жұмсақ контейнер полипропилен матадан жасалады. Бұл ретте әр саланың ерекшелігі мен тапсырыс берушінің талабы ескеріледі, — дейді серіктестік директорының орынбасары Бекхан Аманжол.

Компания бастапқыда Ақтөбе қаласында шағын тігін цехы ретінде құрылған екен. «Ақтөбе» ӘКК-мен Индустриялық аймақтағы жер учаскесін жалға алу келісімшарты жасалып, алғашқы құрылғылар сатып алынған. Өндірістің барлық кезеңін қамтитын толық циклді зауыт салу жобасының есеп-қисабы жасалған. 2024 жылы полипропилен матасын өндіруге арналған жаңа заманауи жабдықтар орнатылған. Қысқа уақыт ішінде кәсіпорын заманауи жабдықтармен қамтылған, полипропиленді өңдеуден бастап дайын қаптама өнімдерін шығаруға дейінгі жұмыс атқарылатын толық циклді өндірістік кешенге айналды. Бүгінде компания базасында полипропиленді өңдеу, тоқу және тігін цехтары, флексографиялық баспа учаскесі, сапаны бақылау зертханасы және жеке қойма кешені жұмыс істейді. Өндірісте технологиялық процесс үздіксіз жүргізіледі.

—  Осы жылдар ішінде зауыттың өндірістік қуаты артып, өнім түрі көбейді. ISO 9001 сапа менеджменті жүйесі енгізілді, өнімнің әрбір партиясының беріктігі, созылғыштығы тексеріліп, арнайы зертханалық сынақтан өткізіледі. Халықаралық стандарттарға қатаң сәйкестік, өнімнің жоғары беріктігі мен қауіпсіздігі, тапсырыстардың уақытылы орындалуы және серіктестіктегі ашықтық  нәтижесінде «Теңізшевройл», North Caspian Operating Company, ERG тобының кәсіпорындары және басқа да ірі өнеркәсіп орындарының сеніміне ие болып, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге ынтамақтаса жұмыс істейтін кәсіпорындар қатарында«AltynEX Company»,«Аралтұз»  акционерлік қоғамы, «Қазақойл Ақтөбе», «Темір-Сервис»,  «Эко-Техникс», «Caspian Ecology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты ірі компаниялар да бар, — дейді зауыт өкілі.

Кәсіпорын айына 150 тонна шикізатты өңдеуге қауқарлы. Өнімнің 98 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 2 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады. Оның ішінде көршілес Орталық Азия елдері мен ТМД нарығына экспортталады. Бүгінде зауыт экспорт көлемін арттыруды көздеп отыр.

— Бұл өнімдерге бүгінде тау-кен металлургиясы, мұнай-газ және химия өнеркәсібі, цемент, құм секілді құрылыс материалдарын өндіру және астықпен тыңайтқыштарды тасымалдаушылар арасында сұраныс өте көп. Биг-бэгтер немесе бір рет пайдаланылатын жұмсақ контейнерлер — әртүрлі конструкциядағы жүк көтергіш строптары бар, көлемді әрі берік қаптар. Бұл қаппен  500-ден 2 000 килограмға дейінгі жүкті көтеруге болады.  Биг-бэг тігу үшін полипропилен пайдаланылады. Полипропилен екі жыл ішінде қоршаған ортаға зиян келтірмей толық ыдырайды, — дейді ол.

Өндірісте шикізат ретінде негізінен елімізде өндірілетін полипропилен қолданылады.Зауыт шикізатты Атырау қаласында полипропилен өндіретін ірі «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» зауытынан алады.Бекхан Аманжолдың айтуынша, қазіргі уақытта өндіріске қажетті шикізат көлемі толығымен жеткілікті.

— Бұрын шикізат сырттан әкелінетін. Қазақстанда өндірілетін полипропиленге көшу біз үшін стратегиялық шешім болды. Отандық шикізат өндірушімен ынтымақтастық орнатып, тиімді логистика және автокөлік қатынасының жолға қойылуы нәтижесінде дайын өнімнің өзіндік құнын арзандатуға, импортқа және сыртқы логистикалық тізбектерге тәуелділікті азайтуға, шикізат жеткізілімінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік туды.

Қазақстандық өнім импорттық баламалардан сапасымен, жергілікті климаттық жағдайларға толық бейімделуімен (УФ-тұрақтылық, аязға төзімділік), жедел жеткізілуімен және тиімді бағасымен ерекшеленеді. Шикізаттың тұрақты жеткізілуі жарамсыз өнімнің азаюына, сапалы өнім шығаруға әсер етіп отыр. Бұл жалпы кәсіпорынның нарықтағы позициясын нығайтуға септігін тигізетіні айқын, — дейді өндіріс өкілі.

Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта өндіріс аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Компания қазіргі таңда Ақтөбе қаласында бұрын пайдаланылмай тұрған бейметалл құбырлар зауытының аумағын қайта жаңғыртып, сол жерде өндірісін кеңейту жобасын жүзеге асырып жатыр. Мақсат — өндірістік алаңдарды кеңейту, заманауи автоматтандырылған желілерді орнату және өнім көлемін бірнеше есеге арттыру арқылы импортты алмастыру процесін жеделдету.

—Жоба толық қуатына шыққанда өнім көлемі 2-3 есе артып, өнім түрлері кеңейеді және ірі тапсырыстарды орындау жылдамдығы едәуір артады. Өндірісті кеңейту барысында жоғары өнімді экструзиялық желілер, автоматтандырылған пішу және тігу жабдықтары секілді жаңа технологиялар, сондай-ақ жіптің созылуы мен беріктігін бақылайтын сандық жүйелер енгізіледі. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, өнім сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Өндірісті кеңейту жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынға өндірістік желі операторлары, тігіншілер, механиктер, сапаны бақылау мамандары және логистер қажет болады, — дейді Бекхан Аманжол.

Бүгінде компанияда тігіншілер, экструдер операторлары, инженер-технологтар, сапа бақылаушылары секілді жүзден астам білікті маман еңбек етеді. Арнайы техникалық мамандар жетіспейтіндіктен, компания қызметкерлерді өз ішінде оқытуға көңіл бөледі. Себебі өндірісте білікті кадрлардың тапшылығы санға да, сапаға әсер ететіні айқын.

— Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін отандық тауар өндірушілерге ұзақ мерзімді әрі пайызы аз несие алу мүмкіндігі, қажетті инфрақұрылымды дамыту, жергілікті қамту үлесін арттыруға бақылауды күшейту және кәсіптік-техникалық мамандарды даярлауды қолдау қажет. Өйткені өндірісті дамыту тек қаржыландыруға ғана емес, тұрақты инфрақұрылымға, білікті кадрға және отандық өнімге деген тұрақты сұранысқа да байланысты.

Біздің кәсіпорын да мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланады. Атап айтқанда, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, қажетті инфрақұрылымды жүргізу және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін қолданамыз. Мұндай қолдау өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдық сатып алуға және кәсіпорынның жұмыс орындарын көбейтуіне мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, өнім түрлерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз, — дейді зауыт өкілі.

Алдағы бес жылда «FIBC KAZAKHSTAN» Орталық Азиядағы полипропилен қаптамаларын өндіретін ең ірі әрі заманауи хабқа айналуды, экспорт географиясын кеңейтуді және өндірісті толық автоматтандыруды жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорынның өндірістік қуатын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнім түрлерін көбейтуге және отандық өнімнің сыртқы нарықтағы үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.