Классик жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Менің кейіпкерлерімнің прототипі – өз ауылымның адамдары…» дегеніндей, Мереке Құлкеновтің «Аймүйіз» әңгімесінің кейіпкерлері де өзі туып-өскен ауылының адамдары екені байқалып тұрады.
Әңгімеде Мұраттың әжесі бейнеленетін тұстарды оқып отырып менің де нағашы әжем көз алдыма келді. Көкшіл мақпал камзолының жанқалтасындағы мүскат жаңғағы мен қалампыр иісі мұрынымды қытықтап, тіпті ақырын ғана анық сөйлеп, құлаққа жылы құйылып тұратын дауысын да естігендей боламын…
Қазақ тәрбиесі балаға ата-әжесіне еріп жүріп, өнеге көру арқылы беріледі. Бала той-томалақ, асқа ата-әжесіне еріп барып құймақұлақ болса, әдет-ғұрып, үлкендердің даналығын құлағына құйып алады. «Көрсем, білсем» деген ондай бала ертең ұлттың рухани мұрасын жадына сақтаушы жазушы не бір үлкен өнер адамы болуы мүмкін. Ал екі көзі тек дастарқанда болып, бауырсаққа тойғанына мәз баланың кейін кім боларын бір құдай біледі. Ал Мереке Құлкеновтің Мұраты – характері күрделі образ. Қазақ тәрбиесіне қанған Мұрат аймүйіз қошақанын соншама жақсы көре тұра, өкінішке қарай, сүйікті қошақанына ара түсіп, Махамбеттерше «Ақырып теңдік сұрай алмайды». Неге? Біз осы сұрақтың жауабын өзімізше табуға тырыстық.
Құлкеновтің Мұраты үлкендердің тәрбиесін көрген, жыр-дастан, ертегі тыңдап, қаһарман кейіпкерлеріне ұқсағысы келіп өсіп келе жатқан көкірегі сәулелі бала. Алайда Мұрат неге Керқұла атты Кендебайдай бола алмады? Неге оның мойнынан құшақтап алып, пышақтан сақтап қала алмады? Атасы мен әжесінің баласы деген таудай дәрежесі, беделі бар еді ғой. Жазушы осы жерде өте күрделі мәселені көтереді.
« – Қарағым, Мұратжан, «ауызын үріп, аяғын сыпырған ақ-адал мал» деген осындай болады. Сен келесі жылы он үшке толасың, қазақта «он үште отау иесі» деген мағыналы сөз бар, мына ақ қошақан сенің алғашқы ақ-адал малың болсын, деді әжем ақ тұсақтың жанында күйбеңдеп отырып.
– Ақ-адал мал деген не сөз, әже? – дедім мен түсінбей.
– Өзің бағып-қағып өсірген жануарың ақ-адал малың болады, балам. Сен біліп жүр, төрт түлік мал адам баласына Алланың берген сыйы. Есіңде болсын, Алла Тағала Ибраһимге «туған ұлың Исмайылды құрбандыққа шал» деп әмірін бергенде ол айтқанын бұлжытпай орындап, баласын құрбандыққа шалуға алып келгеніне риза болып, Исмайылдың жанын кешіп, оның орнына құрбандыққа шалуға көктен жуан қошқар түсіреді ғой. Сондықтан да қой төрт түліктің ішінде ең қасиеттісі, – деді әжем қан аралас ауыр нәрсені тұсақтың жанынан бері алып жатып».
Әңгіменің идеясына қармақ осы жерден салынады, қазығы қадалады. Оны әжесі ұлт дәстүрімен немересіне атайды. Енді оның тағдыры Мұраттың қолында десе де болады. Жазушы Мұраттың адами болмысына сын болар детальды осы жерде елеусіздеу ғана айтып отырып алдағы оқиға арқауын алтын шегемен шегелей кетеді.
«Ақ қошақан маған, мен оған әбден бауыр басып алдық. Ол да мені ерекше жақсы көреді. Мектептен келе жатқанда алыстан көреді де тұра шабады, келдің бе дегендей «мә, мә» деп қоңыраулата маңырайды. Төрт аяғын дік-дік еткізіп секіріп-секіріп қояды».
Жазушы оны мифологиялық кейіпкерге жақындатып, ертегі кейіпкерлерінің тұлпарына балап, аспандағы аймен шендестіре отырып Аймүйіз деп ат қояды. Әңгіменің атауы әдемі, идеясын ашардай дәл қойылған. «Аймүйіз» атауы трагипоэтикалық образ тудырады. Автор мистикалық көңіл күй беретін, тылсымы мол аспан денесі – айды ақ қошқарының басына қондыру арқылы ұлттың тотемдік түсінігіне жүгіне отырып, әңгіме кейіпкерін басқа қошқарлардан ерекшелеп аспан әлеміне апарады. Жазушы Аймүйізді осындай әлемдік тепе-теңдіктің таразысына сала отырып шағын әңгімеге терең ой салады.
Қазақта мал отбасында бір адамға бітеді деп түсінеді. Ол адам дүниеден өткен күннен бастап қора-қора малдан қараптан қарап берекет қашып, үйдегілер бір күні бас жібін ұстап қалады. Малдың ішінде де өз Иесі болады. Мал бағудың мәнісін білетін адам малдың Иесін сатпайды, пышаққа жықпайды. Жазушы Мереке Құлкенов осы жерде әңгіме идеясы жамылғысының бір шетін көтереді. Алайда автор айтар ойымның темірқазығын осы жерге қағып едім деп идеясын тықпаламайды, қаламының ұшымен бір түртіп өтеді. Аймүйіз деп атауына тотемдік кие беруімен алда індетке пара-пар бір өзгеріс келе жатқанын, ата кәсіп, құндылықтардан оңай ажырап, ұлттық бірегейліктің көбесі сөгілер уақыты таяп қалғанын ауылдың мал дәрігері Елеусіз сияқтылардың аузымен білдіріп отырады.
«– Шеше, – дейді ол әжеме сүзіле қарап. – Өзіңіз де көріп жүрсіз ғой, ауылда мал ұстамайтындар көбейіп барады. Әсіресе жас отбасылары малға қарауды қойды. Күйеулері он бес күндік вахталық жұмысқа кетеді, әйелдері күні бойы ақақу-сәкәку. Күн сайын порошок сүтті, қаймақты, айранды, тіпті етті дүкеннен сатып алады. Өздері сиыр сауғысы келмейді, май шайқап, құрт қайнатпайды. Менің түсінігімде ауылдағы малсыз үй – жансыз үй. Бүйте берсе қазақтың ауылына зауал келеді. Орысша айтқанда кранты. Менің жүрегім осыған қатты ауырады, құрдас! Ол алдындағы рөмкені тағы тастап жібереді».
«Бір күні әжем сөз бастады:
– Мына Мұратжанның ақ қошқарын, ақтап жібермесе болмас, зәрі бойына тарап, етінің дәмі кетіп қалар, – деді әлденеге мазасызданып. Ертең Елеусіздің қолы босаса шақырарсың. – Әкем шайын бір ұрттап басын изеді. «Ақтағаны» несі деп ештеңе түсінбей аңырып отыр едім. «Ақ қошқарың піштірілетін болды», – деп қасымдағы Медет ағам құлағыма сыбыр етті».
Аймүйіз – асыл тұқым қошқар. Асыл тұқымды қошқардың тұқымы ірі, етті келеді. Бірақ әңгіме қошқарда ғана емес. Отардың көркі, асыл текті малдың тұқымы тұздай құрып, ұсақталуын жаза отырып, жазушы ірілік, көсек мінез мәселесін алға тастайды. Уақыт талабымен елу жыл өтіп ел жаңарып, қырық жыл өтіп қазан жаңғырғанда заман көші кері кетіп, адамның да мінезден айырылып, тарттырылған қошқардай ыбылжып, былжырап жүретін күйге түсетіні астармен беріледі. Аймүйіздің піштірілетін жерін суреттегенде жазушы ақ қошқардың трагедиясын мал пішетін қарапайым пенде Елеусіздің аузымен айтқызады.
«Қорада жападан жалғыз тұрған ақ қошқарды көргенде:
– Па, па, мынауың ертегідегі ақ қошқар ғой! Мынауың қой емес тайынша ғой! Осы жасыма дейін мынадай ірі Шопан ата баласын көрмеппін. Обал болады ғой, мұны қалай тарттырамын! Қой, қолым бармайды, қолым бармайды, – деп қолындағы сөмкесін жерге қойып, алға бір аттап еді ақ қошқар басын кекшитіп, аймүйізін оңтайлап оған тұра шапты.
– Ойбай Мұрат, ұста мынауыңды, жазым қылып жүрер айдың-күннің аманында, – деп Елеусіз тұра қашты».
Қошқар түгіл жер тарпыған небір бұқаларды ақтап жүрген Елеусіз бұл жерде ақ қошқардан қорқып қашқан жоқ. Аймүйіздің парқын таныды. Ақ қошқардың Алла Тағала Ибрагим құлына көктен түсірген қошқарға пара-пар қасиетін таныды. Аймүйізді тарттыру несібенің кемуі, нығметті басқа тебумен бірдей екенін түсінді. Әрине, Елеусіз пышағын қайрап қораға қайта кіреді. Өйткені бұл – Аймүйіздің болашақ тағдырына шабылған балтаның алғашқы сілтеуі ғана еді. Сонымен Аймүйіз мінезінен айырылды, тек ет пен май жинап, еті балдай соғым малы болуға ғана жарайтын күйге түсті.
Сол жылы Мұраттың апайы Ұлдай мектеп бітіріп, емтихан кезінде бір сабақтан төрт алып қалды да, алтын белгіге іліге алмайды. Мұраттың Ай мүйізі енді Ұлдайдың студент атануы жолында құрбандыққа шалынатын болады. Мұрат бұл жолы да «жүрегі дір етіп, денесі қалтырайды, тамағына өксік тығылып үндей алмайды». Оны ажалға айдап жатқанда көрсеткен бар қайраты осы болады. Бұл жерде жазушы аса қатал шешімге келеді. Мұрат жанындай жақсы көретін досын жүк пойызына тиеп, Мұқырдан екі жүз елу шақырым Атырауға өз қолымен өлімге апарады. Бала ғой, үлкендердің жауапты іс тапсырып, сенім артқанына мәз. Балалық па, досын өз қолымен ажалға айдап келе жатқанын түсіне қоймайды.
Жазушы Мереке Құлкенов Мұрат пен ісектің пойыздағы сапары арқылы кішкентай кейіпкеріне ауыр айып тағады. Қол-аяғы шілмиген мектеп баласы Мұрат – рухы сынған қазақ қоғамының рәмізі. Отарсыздану үдерісі әлі аяқталмаған қазақ қоғамының өліара адамы. Тәуелсіздіктің еркін ұланы. Алайда қаны ата-бабаларының құлдық санасы қасіретінен әлі арылмаған. Тізерлеген күйінен бойын жаза алмаған, езілген, жаншылған күйде. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамы дертінің дәл қойылған диагнозы. Жалтақ, «майырдан алып бұйрығын, ел пысығы жортады-ай…» деген заманның ызғары әлі алпыс екі тамырында, он екі мүшесінде сақталған қазақ. Мұрат жолда пойыз тоқтағанда ісегін түсіріп алып, түн ішінде айдалаға қашар ма екен деп есек-дәмемен тыпыршып, күлбілте үміттің қоламтасын үрлейсің, ісектің аман қалуын, Мұраттың жанкештілік жасап, досын ажалдан құтқаруға тал қармардай болса да әрекет жасауын, сөйтіп ақталуын күтесің. Алайда сіздің ол тілегіңізді бермейді. Өйткені бүгінгі шындық, басымыздан кешкен тағдыр солай. Күлбілтесіз, өте ащы. Шығарма да өте ащы аяқталады.
Қазақ біреуге берген малының бас жібін алып қалады немесе сілекейін алып, өзінің үстіне жағады. Байлығым кетеді деп ырымдайды. Ата-әже тәрбиесін көрген Мұраттың ол ырымды білмеуі мүмкін емес. Біле тұра, Ұлдай апайына еріп, ісекті алып кетуге келген жігіттерге бас жіпті бере салады. Бұл жазушының тұрқы тай өгіздей ісектер тұқымы енді тұздай құрыды деген өкімі. Ірілік кетті, ұсақтар заманы орнады деген тұжырымы.
Әңгіменің финалы тіпті ауыр. Ісекті орнынан қозғалта алмай тұрған жігіттерге Мұрат жалма-жан қалтасынан екі түйір қант шығарып: «Мә, мынаны тұмсығына жақындатсаң өзі жүреді», – деп қант ұсынады. Мұратыңыз ісегін аман алып қалудың ақырғы амалына жабыспайды. Ісекті айдап кете алмай тұрған жігіттерге кедергі болудың себебі табылғанына қуанып, сол сәтті барынша пайдаланып қалудың орнына Ақмүйізін екі түйір қантпен алдап-сулап, пышаққа өз қолымен жығып береді.
Мінезді болғаны, ірі болғаны, ерек болғаны үшін құрбан болған Аймүйіз аспанға көтеріліп, Ажал вагоны шоқ жұлдызына айналады. Кие белгісі болып, айқара құшақ мүйізінен ақ нұр төгіліп, пендешілік теңізінде желкенін жел кернеген Мұраттардың күйкі тірлігіне жоғарыдан көз салады. «Аймүйіз» ешкімге жол сілтемейді. Ол жолды іздеу әрқайсымыздың парызымыз екенін есімізге салады…