Жетісу облысында табиғи өнім өндірумен айналысатын омарташылық саласы жаңа технологиялармен толығып, біртіндеп экспорттық бағытқа бет алып келеді. Текелі қаласының тау бөктерінде орналасқан заманауи омарташылық кешенде бүгінде табиғи өнімнің 21 түрі өндіріліп, кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, шетел нарығына шығуды көздеп отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлер табиғи ортаның мүмкіндігін тиімді пайдаланып, апитерапия мен сауықтыру туризмін дамытуды жоспарлауда.
Жетісу өңірінде омарташылыққа қолайлы табиғи жағдай бар. Қазір облыс аумағында 11 мыңнан астам ара ұясы есепке алынған. Әсіресе Көксу, Панфилов және Алакөл аудандарында ара шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Енді бұл қатарға тау табиғаты мен өсімдік әлемі ара шаруашылығына қолайлы Текелі қаласы да қосылып отыр.
Текелідегі «Kausar Shifa kz» компаниясының омарташылық кешені осы бағыттағы жаңа жобалардың бірі. Кәсіпорынның тау бөктеріндегі омартасында 300-ге жуық ара ұясы бар. Мұнда аралардан алынған бал бірден дайын өнімге айналмайды. Өндіріс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен жиналған өнім омарта жанындағы арнайы зертханада зерттеліп, оның сапасы мен қасиеттері сараланады. Одан кейін шикізат компанияның Талдықорған қаласындағы өндірістік цехына жеткізіледі.
Кәсіпорынның ерекшелігі де осында – омартадан алынған балды тек жинап, сатумен шектелмей, оны қайта өңдеп, қосымша табиғи компоненттермен үйлестіреді. Өндірістік цехта бал түрлі өсімдік сығындыларымен араластырылып, тұтынушыға дайын өнім ретінде ұсынылады. Осылайша компания ара шаруашылығы мен табиғи өсімдік шикізатын өңдеуді бір өндірістік тізбекке біріктіріп отыр.
Компания негізін қалаушылардың бірі Сұңғат Райымбектің айтуынша, Текелі тауларының өсімдік жамылғысы кәсіпорын үшін маңызды табиғи ресурс саналады. Мұнда дәрілік шөптер, гүлдер мен жеміс-жидектердің көптеген түрі өседі. Кәсіпкерлер сол табиғи шикізатты бал өнімдерімен бірге пайдалану арқылы жаңа өнім түрлерін әзірлеуде.
Өндіріс технологиясы бірнеше кезеңнен тұрады. Бал алдымен шыны ыдыстарға құйылып, құрамындағы артық ылғалды шығару үшін белгілі бір уақыт тұндырылады. Өсімдік қоспалары арнайы аппарат арқылы тазартылып, кейін дистилляция процесінен өтеді. Соның нәтижесінде гидролат пен эфир майы алынады. Бұдан кейін өсімдік компоненттері балмен біріктіріліп, дайын өнім жасалады.
Қазіргі уақытта кәсіпорын табиғи өнімнің 21 түрін шығарады. Өнімдер 200 грамдық шыны ыдыстарға құйылады. Цехта өндірістің шағын және үлкен көлеміне арналған екі желі орнатылған. Бүгінде шағын көлемге арналған желі жұмыс істеп тұр. Ал өндірістік қуатты толық пайдаланған жағдайда кәсіпорын сағатына 1,5 мың банкаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік алады.
Компания өткен жылдан бері 600 келі бал өндірген. Өнім түрлерінің арасында түрлі өсімдіктермен байытылған балдар да бар. Кәсіпорын өкілдері өнімдердің құрамындағы табиғи компоненттердің адам ағзасына пайдалы қасиеттерін атап өтеді. Дегенмен оларды дәрілік зат ретінде емес, табиғи нығайтушы өнім ретінде ұсыну қажеттігін де ескертеді.
Өндірістің дамуына ең алдымен табиғи орта қолайлы жағдай жасап отыр. Текелі маңындағы таулы аймақта өсімдіктердің алуан түрінің кездесуі балдың табиғи құрамына да әсер етеді. Ал ара шаруашылығында өнімділікке жету үшін ара ұяларын күтіп-баптау, олардың жағдайын бақылау және аурулардың алдын алу жұмыстары аса маңызды.
Бұл міндетті кәсіпорында омарташы Ақан Жұматаев атқарады. Оның айтуынша, Текелі тауларының климаты ара шаруашылығына қолайлы. Өсімдіктердің молдығы ара үйірлерінің тез өсуіне мүмкіндік береді. Омарташы көктемнен күзге дейін аралардың жағдайын тұрақты бақылап, тиісті күтім жұмыстарын жүргізеді. Соның нәтижесінде маусым ішінде балды бірнеше рет жинауға мүмкіндік бар.
Бүгінде кәсіпорында 25 адам еңбек етеді. Өндірістің кеңеюі жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізіп отыр. Ал болашақта ара ұяларының санын көбейтіп, өндіріс көлемін арттыру жоспарланған.
Кәсіпорынның ендігі маңызды мақсаты – өнімдерін шетел нарығына шығару. Компания өкілдері халықаралық нарыққа шығу бағытында алғашқы қадамдарды бастап та кеткен. Биыл мамыр айында Қытайда өткен халықаралық көрмеге қатысып, өз өнімдерін таныстырған. Қазір Қытай нарығына шығуға қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Малайзия тарапынан да кәсіпорын өнімдеріне қызығушылық болған.
Экспорттық әлеуетпен қатар кәсіпкерлер туризм бағытын да дамытуға ниетті. Атап айтқанда, Текелінің таулы табиғатын омарта шаруашылығымен ұштастырып, апитерапия мен сауықтыру туризмін жолға қою жоспарланған. Мұндай жоба туристерге табиғи бал өнімдерін таныстырып қана қоймай, таулы аймақта демалып, омарта шаруашылығының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берер еді.
Кәсіпкерлердің пікірінше, Жетісудың табиғи ерекшелігі мұндай жобаны дамытуға толық мүмкіндік береді. Тау бөктеріндегі таза ауа, алуан түрлі өсімдік әлемі және ара шаруашылығының қалыптасқан тәжірибесі жаңа туристік өнім қалыптастыруға негіз бола алады. Бұл бағыт дамыса, ауыл шаруашылығы мен туризмнің өзара байланысын күшейтуге жол ашылмақ.
Омарташылық саласын дамытуда мемлекеттік қолдаудың да үлесі бар. Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бес жоба мақұлданып, оларды іске асыруға 36,6 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, қаржылай қолдау көрсетуге ұсынылған тағы екі жоба қаралу үстінде.
Жетісудағы омарташылықтың дамуы табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың нақты мысалына айналып келеді. Бір жағынан, дәстүрлі кәсіп – ара шаруашылығы жаңғыртылса, екінші жағынан, заманауи өңдеу технологиялары арқылы өнімнің түрі көбейіп, оның қосылған құны артып отыр. Ал экспортқа шығу жоспары жергілікті өнімнің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Текелідегі «Kausar Shifa kz» кешенінің тәжірибесі өңірде бал өндірісін жаңа деңгейге көтеруге болатынын көрсетеді. Ендігі міндет – өндірістік қуатты толық іске қосу, ара ұяларының санын көбейту, өнім түрлерін кеңейту және шетелдік нарыққа орнығу. Егер жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асса, Жетісудың табиғи балы мен ара шаруашылығы өнімдері өңірдің ауыл шаруашылығы экспортының жаңа бағытына айналуы ықтимал.
Табиғат пен технологияны ұштастырған мұндай бастамалар ауыл шаруашылығын әртараптандырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өндірісті дамытуға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жетісудың таулы табиғатында қанатын кеңге жайған омарташылықтың келешегі де осы тұрғыдан алғанда зор.