Целиноград ауданындағы Қаражар мен Қараөткел ауылдары табиғи газға қосылды. Жобаны жүзеге асыру жұмыстары жоспардан бұрын аяқталып, екі елді мекеннің 24 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді.
Газдандыру жұмыстары аясында жалпы ұзындығы 240 шақырымға жуық газ тарату желісі салынды. Екі ауылдың бір магистральдық газ құбырының бойында орналасуы жобаларды қатар жүзеге асыруға жол ашқан.
Қаражар ауылында 53 шақырымға жуық газ желісі тартылды. Нәтижесінде 1,7 мың абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ал Қараөткелде 185 шақырымға жуық желі жүргізіліп, 4 мыңнан астам аула қамтылды. Қазіргі таңда ауылдағы 1,5 мыңға жуық абонент газ жүйесіне қосылған.
Қаражардың газдандырылуына орай өткен іс-шарада облыс әкімі Марат Ахметжанов ауыл тұрғындарын жаңа мүмкіндіктермен құттықтады. Оның айтуынша, газдандыру халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға ықпал етеді.
– Газдандыру – ең алдымен, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға газ тұтыну төлеміне 20 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар тұрғын үйлерді газға қосуға 70 АЕК-ке дейін біржолғы көмек беріледі, – деді облыс әкімі.
Ауыл тұрғындары үшін табиғи газдың келуі күнделікті тұрмысты да жеңілдетіп отыр. Бұған дейін көмір жағып, пешті бақылауға мәжбүр болған отбасылар енді жылуды тұрақты әрі қолайлы тәсілмен қамтамасыз ете алады.
Қаражар Целиноград ауданында толық газдандырылған – жетінші, Қараөткел сегізінші елді мекен атанды. Ауданда газдандыру жұмыстары жалғасуда. Қазір Қызылсуат ауылында жоба іске асырылып жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін мұнда шамамен 3 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Ал Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл елді мекендердегі жобаларды 2027 жылы жүзеге асыру жоспарланған. Олар 30 мыңнан астам тұрғынды қамтымақ.
Бүгінде Ақмола облысында шамамен 220 мың адам, яғни өңір тұрғындарының 28 пайызы табиғи газбен қамтылған. Алдағы уақытта газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары елорда маңындағы елді мекендерде жалғаса береді.