Тіл меңгергеннің танымы да кеңейетіні белгілі. Абай Құнанбайұлының шығармасын оқып, қазақ тілін меңгеруге құмартқан жанның бірі – Қарағанды қаласындағы Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер Артём Кудряшов.
Өзінің айтуынша, ол азаматтық борышын өтеуге келгенге дейін қазақ тілін білмеген. Дегенмен мұндағы сегіз ай ішінде мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттырған. Сарбаздың айтуынша, дүниетанымына өзгеріс әкелген ұлы Абайдың өлеңдері екен. Хакімнің мұрасы Артём үшін тілді үйренудің ғана емес, қазақ халқының дүниетанымы мен рухани болмысын танудың да жолы болды. Ол ақын шығармаларынан тағылым алып, қара сөздерінен өмірлік ой түйетінін айтады.
Артём қолы босаса Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқуға тырысады. Қазір ол ақынның бірқатар өлеңін жатқа айтып, қара сөздерін тұрақты оқиды. Абайдың «Қыс» өлеңі жауынгердің сүйікті шығармаларының біріне айналған.
Артёмнің бұл қызығушылығы Абай мұрасының ұлттық шеңбермен шектелмейтінін көрсетеді. Ұлы ойшылдың шығармалары қазақ тілін үйренгісі келетін, елдің мәдениеті мен рухани құндылықтарын танығысы келетін кез келген адамға бағыт-бағдар бола алады.
Қатардағы жауынгер әскери міндетін де жауапкершілікпен атқарып жүр. Қарауыл қызметіндегі сарбаз өзіне сеніп тапсырылған нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жауынгерлік міндетін абыроймен орындауда.