Энергетикалық қауіпсіздік, жасыл экономика қағидаттарын орнықтыру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бүгінде ел дамуының басым бағыттарының біріне айналды. Бұл міндеттер өңірлердегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Атырау облысында осы бағыттағы жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп электр, газ жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту қолға алынуда. Мемлекет қолға алған ұлттық жобалар аясында өңірдің энергетикалық әлеуетін күшейтіп, инфрақұрылымның тозуын азайтуға бағытталған ауқымды бастамалар жүзеге асып жатыр.
Облыста коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында біртіндеп іске асады. Жобаның басты мақсаты – республикадағы инженерлік желілердің тозу деңгейін төмендету, олардың сенімділігін арттыру және апаттық жағдайлардың алдын алу.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Дінмұхаммед Лұқпановтың айтуынша, ұлттық жоба аясында Атырау облысынан үш табиғи монополия субъектісі өз жобаларын ұсынған. Әрбір жоба қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы орталығында жан-жақты сараптамадан өткізіліп, техникалық және экономикалық тұрғыдан бағалануда.
Ұлттық жоба аясында «Атырау Жарық», «Атырау жылу жүйелері» ЖШС-тері мен «Атырау облысы Су Арнасы» КМК инженерлік желілерін жаңғырту бағытындағы ауқымды жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Электрмен жабдықтау жүйесін жаңарту бағытында «Атырау Жарық» ЖШС 2026-2030 жылдары инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді. Оның ішінде 2026-2027 жылдары ұзындығы 403 шақырымнан асатын электр желілері жаңартылады. Оған әуе және кабельдік желілерді ауыстыру, сондай-ақ қосалқы станцияларды күрделі жөндеу кіреді.
Биыл кәсіпорын ұлттық жоба аясында 9 жоба ұсынған. Келесі кезеңде тағы 822 шақырым электр желісі жаңартылып, нәтижесінде кәсіпорын желілерінің тозу деңгейін қазіргі 67,3 пайыздан 45 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Ұлттық жобаның нәтижесінде инженерлік инфрақұрылымның жалпы сенімділігі артып, коммуналдық желілердің тозуы азайып, тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі республика Үкіметінің де тұрақты бақылауында тұр. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет мәжілісінде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының орындалу барысы қаралып, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша Атырау облысы алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі ретінде аталды.
Үкімет басшысының мәліметінше, ұлттық жоба аясында «Бәйтерек» холдингі жалпы құны 625 миллиард теңге болатын 318 жобаны қаржыландырған. Осыған байланысты жергілікті әкімдіктерге қолжетімді ұзақ мерзімді несиелерді тиімді пайдаланып, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жеделдету тапсырылды.
Қазір ұлттық жоба аясында Атырау облысында нақты жұмыстардың жоспары жасалған. «Атырау Жарық» ЖШС 2026-2027 жылдары 403,2 шақырым электр желісіне жөндеу жүргізсе, «Атырау жылу жүйелері» ЖШС 7,99 шақырым жылу желісін жаңғыртады. Ал «Атырау облысы Су Арнасы» КМК 4 кәріздік сорғы станциясын қайта жаңғыртады.
Өңірде инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазір 715,4 шақырым электр желісінің 438 шақырымы жаңартылыпты. Бұл – жалпы көлемнің 61 пайызы. Ал, 8 қосалқы және 70 трансформаторлық станцияны жөндеу жалғасып жатыр.
Саладағы маңызды бағыттың бірі – газдандыру. Бүгінде Атырау облысындағы газ желілерінің жалпы ұзындығы – 6701 шақырым. Ал, табиғи газбен қамту деңгейі – 99,9 пайыз. Газ тарату жүйесінің өткізу қабілетін арттыру және тұтынушыларды үздіксіз газбен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы «Финская-120» автоматтандырылған газ тарату станциясы мен «Редут–Финская-120» магистралдық газ құбыры тармағының құрылысы басталды.
Қазір ұзындығы 44 шақырым болатын магистралдық газ құбыры тартылып, сағатына 120 мың текшеметр газ өткізетін автоматтандырылған газ тарату станциясы орнатылған. Құрылыс-монтаж жұмыстарының 95 пайызы аяқталып, нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Мамандардың көрсетуінше, газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары мұнымен шектелмейді. 2024 жылы жалпы ұзындығы 122 шақырым газ құбыры салынып, Қызылқоға ауданындағы Тасқұдық, Соркөл, Сарқұмақ, Былқылдақты, Қоңыраулы және Кенбай ауылдары табиғи газ желісіне қосылды. Аталған газбен қамту жұмыстары жергілікті бюджет есебінен іске асырылды.
Өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған тағы бір стратегиялық жоба – Батыс өңірі үшін маңызы зор жоғары кернеулі электр инфрақұрылымының құрылысы. Жоба аясында 500 киловольттік «Қарабатан» қосалқы станциясы салынып, «Өлке» қосалқы станциясы кеңейтіліп, «Өлке–Қарабатан» әуе электр желісі тартылып жатыр. Жоба толық іске қосылса, Батыс өңірі елдің бірыңғай электр жүйесімен тікелей байланысып, өңірдің электрмен қамтылу тұрақтылығы едәуір артады. Бүгінде қосалқы станцияларға қажетті негізгі жоғары кернеулі жабдықтар толық жеткізілген.
Бүгінде «Қарабатан» қосалқы станциясында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілсе, «Өлке» қосалқы станциясында электр тарату құрылғысын кеңейтуге дайындық жалғасуда. «Өлке–Қарабатан» электр желісінің құрылысы бірнеше учаскеде қатар атқарылып жатыр. Құрылысқа пайдаланылып жатқан материалдардың басым бөлігі – отандық өнім.
Жоба іске қосылғаннан кейін өнеркәсіп ошақтарының тұрақты жұмысына жағдай жасалып, бизнестің дамуы мен тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұлттық электр желісі күшейіп, батыс өңірдің энергетикалық тәуелсіздігі нығая түседі.
Энергетика саласындағы келесі маңызды бастаманың бірі – Жылыой ауданындағы қуаты кемінде 250 мегаватт болатын жаңа бу-газ электр станциясының құрылысы. Жоба аясында энергияны аралас өндіруге негізделген заманауи еуропалық бу-газ циклі технологиясы қолданылады.
Бұл технологияда алдымен газ турбинасы арқылы электр қуаты өндіріліп, кейін пайдаланылған газдардың жылуы бу өндіруге жұмсалады. Бу турбинасы арқылы қосымша электр энергиясы өндірілетіндіктен, отын тиімді пайдаланылып, қоршаған ортаға түсетін жүктеме азаяды. Ұлттық бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс бұл жоба өңірдегі электр қуатына деген сұранысты қамтамасыз етіп, энергия тапшылығын азайтуға, өндірістік және әлеуметтік нысандарды тұрақты электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді.
Энергия тиімділігі, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, газдандыру және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын қатар ұстанған бұл жобалар – Атырау облысының орнықты дамуындағы серпінді ілгерілеу тетіктерінің санатында. Жаңартылған желілер мен заманауи энергетикалық нысандар өңірдің қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, өндірістің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жасыл экономика талаптарына сай ұзақ мерзімді даму негізін қалыптастыруға қызмет етеді.