Ауылдық жерде әлемдік деңгейдегі заманауи музей құру мүмкін бе? Солтүстік Қазақстан облысында ашылған «Digital Zerde» тұңғыш цифрлық музейі бұл сұраққа нақты жауап беріп тұрғандай. Мұнда келушілер туған өлкенің тарихымен танысып қана қоймай, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін меңгере алады. Ерекше жоба мәдени мұраны сақтаудың және оны жаңа форматта насихаттаудың жарқын үлгісіне айналып отыр.
Цифрландыру қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енді. Бұл үрдіс мәдениет пен тарих саласын да айналып өткен жоқ. Соның дәлелі – «Digital Zerde» цифрлық музейі мен оның жанынан құрылған Креативті IT-орталық.
Жобаның басты ерекшелігі – музей мен IT-орталықтың бір кеңістікте орналасуы. Бұл шешім кездейсоқ қабылданбаған. Жоба авторлары өткен мен болашақтың арасын жалғайтын ерекше алаң қалыптастыруды көздеген.
Креативті IT-орталықтың директоры Айгерім Ахметованың айтуынша, музейді құрудағы негізгі мақсат – аудан тарихын сақтау ғана емес, оны заманауи технологиялардың көмегімен әрбір адам үшін қызықты әрі қолжетімді ету.
– Біз ауылдық жерде де әлемдік деңгейдегі заманауи мәдени-білім беру кеңістігін құруға болатынын көрсеткіміз келді. Тарихты жай ғана сақтап қоймай, оны жанды, қызықты әрі қолжетімді етуге ұмтылдық, – дейді ол.
Жобаны жүзеге асыру бірнеше айға созылған. Осы уақыт ішінде тарихи деректер жиналып, цифрлық экспозициялар әзірленген, заманауи жабдықтар орнатылып, білім беру алаңы құрылған. Нәтижесінде өңір үшін бірегей кешен дүниеге келген.
«Digital Zerde» дәстүрлі музейлерден ерекше. Мұнда келуші жай бақылаушы емес, тарихи үдерістің тікелей қатысушысына айналады. Интерактивті панельдер, сенсорлы экрандар, виртуалды экскурсиялар, цифрлық гид пен мультимедиялық инсталляциялар тарихты жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді.
– Цифрлық технологияларсыз болашағымызды елестету мүмкін емес. Сондықтан музей мен IT-орталықты бір кеңістікке біріктірдік. Келушілер туған өлкенің тарихын танып қана қоймай, цифрлық дағдыларды меңгеріп, жасанды интеллект пен IT негіздерін үйрене алады, – дейді Айгерім Ахметова.
Музей экспозициясында ауданның құрылған күнінен бастап бүгінге дейінгі тарихы қамтылған. Мұнда алғашқы қоныстанушылар, ауылшаруашылығының дамуы, кәсіпорындардың қалыптасуы, білім беру мен мәдениет саласының өркендеуі, өңірдің танымал тұлғалары туралы мәліметтер жинақталған. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған бөлімдер де бар.
Ерекше назар аударатын жәдігерлер – архивтік құжаттар, сирек кездесетін фотосуреттер, тұрмыстық бұйымдар және аудан тұрғындары тапсырған тарихи заттар. Әсіресе майданнан жолданған хаттар келушілердің қызығушылығын тудырады.
Цифрлық технологиялар тарихи мұраны сақтауда маңызды рөл атқарып отыр. Құжаттар мен фотосуреттер электронды форматқа көшіріліп, олардың ұзақ мерзімге сақталуына мүмкіндік жасалған.
– Цифрландыру тарихи мұраны жоғалтпай сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар интерактивті формат жастардың қызығушылығын арттырады. Осылайша біз тарихты сақтап қана қоймай, оны кеңінен насихаттаймыз, – дейді орталық директоры.
Музеймен қатар жұмыс істейтін IT-орталық та тұрғындарға үлкен мүмкіндік ұсынып отыр. Мұнда цифрлық сауаттылық, бағдарламалау, графикалық дизайн, бейнемонтаж, сайт жасау, әлеуметтік желілермен жұмыс және жасанды интеллект бағыттары бойынша оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады.
Жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйрету – орталықтың негізгі бағыттарының бірі. Тыңдаушылар нейрожелілерді пайдалану, мәтін, сурет және бейнематериалдар жасау, автоматтандыру сервистерін қолдану сияқты заманауи дағдыларды меңгереді. Сонымен қатар орталықта оқушыларға, студенттерге, мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге және барлық ниет білдірушілерге арналған тегін шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізіліп тұрады.
«Digital Zerde» жобасы Қазақстанның басқа да ауылдарына үлгі бола алады. Ол инновациялық технологияларды тек мегаполистерде ғана емес, ауылдық жерлерде де тиімді дамытуға болатынын дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта жоба аясында виртуалды экскурсияларды көбейту, жаңа экспозициялар ашу және жасанды интеллект бағытындағы білім беру бағдарламаларын кеңейту жоспарланған.
Тарих пен технологияны тоғыстырған «Digital Zerde» бүгінде тек музей ғана емес, білім беру мен инновацияның жаңа орталығына айналып келеді. Бұл жоба туған өлкенің өткенін сақтай отырып, келешекке жол ашудың жарқын үлгісі десек, артық айтқандық емес.