Ауылда «Дәстүрге жол» бірлестігінің филиалы ашылды

0 3

Ғылым мен технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы жарқын болары сөзсіз. Бұл ретте, кез келген ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық.

Қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің негізгі тұғырлары саналатын бұл үшеуі де салт-дәстүрлерімізде кең көрініс табады. Өкінішке қарай, қазір өмір сүру дағдысы мен тұрмыс қалпының өзгеруіне байланысты ұмыт қалып бара жатқан салттардың қатары артып келеді. Жасыратын несі бар, олардың бірқатарын бүгінгі жас буын білмейді де. Осы бір олқылықтың орнын толтыру мақсатында Көктау ауылында Ақтөбе мыс компаниясының қолдауымен «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің ауылдық филиалы ашылды.

«Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Көктау ауылындағы филиалының жетекшісі Баян Аюпованың айтуынша, мұнда салт-дәстүр сабақтастығын сақтау, мәдени мұраны дәріптеу және жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру бағытындағы жұмыс жүргізіледі. Жаңа орталық ауыл тұрғындарының басын біріктіретін тағылымды мекенге айналуды мақсат етеді. Сондықтан да ауылдық Мәдениет үйінен арнайы жұмыс кабинеті жасақталған. Мұнда ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған кездесулер, шеберлік сабақтары мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар тұрғындарға қолөнердің қыр-сырын үйретіп, жастардың туған жердің тарихын тереңірек тануына жағдай жасалады.

Бүгінгі күні Көктау ауылындағы аналар мен қыз-келіншектер елдімекеннің қоғамдық-мәдени өміріне белсенді үлес қосып келеді. Олар түрлі фестивальдер мен шығармашылық кездесулерге қатысып, қолөнер бағытындағы шеберлік сабақтарын ұйымдастырып жүр. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, отбасы құндылықтарын насихаттайтын тағылымды іс-шаралар да ұйымдастырады. Аталған орталықтың ашылуы олардың бастамаларын кеңейтіп, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

Көктау ауылындағы қолөнерші Айша Қылышованың қолынан шыққан құрақ көрпелерге сұраныс жоғары. Ұлттық нақыштағы бұйымдар ауыл көлемінде ғана емес, өңірден тыс жерлерде де жоғары бағаланып жүр.

–  Азия және Африка елдерінің рекордтар кітабына енген көрпе дайындау жобасына қатыстым. Сол еңбегіміз үшін арнайы грамота мен сертификатқа ие болдық. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Тігін өнерін анамнан үйрендім. Қазір қыздарым да іс тігеді. Олар құрақ құрап, ұлттық ою-өрнектердің маңызын жақсы түсінеді, – дейді ол.