Осыдан біраз жыл бұрын көшпенді өркениеттің қазығы Айыртау ауданында қағылып, адам баласы теріскейде ат ноқталап, жүйрік тақымдаған дегенге көп адам таңдана, күмәндана қарайтын. Ал бүгінде Ботай мәдениеті халықаралық деңгейде мойындалып, көпшілік бұрынғыдай тосырқап қарамайтын болған. Мұның бәрі – осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстың арқасы.
Әлемде «алғашқы атбегі» атанғысы келетін елдер көп. Солтүстік көршімізден бастап, батыс елдеріне дейін көрпені өздеріне тартып, өркениеттің көш басында тұрған халық ретінде көрінгісі келеді. Көшпелі мәдениет 6 мың жыл бұрын Ботайдан басталғанына өзіміз сеніп, мақтана айтқанымызбен, жүйрік біткеннің шежіре бастауында қазақ жылқысы тұрғанына басқаларды иландыру қиын. Сондықтан атқа міну мәдениетін таныту ғылыми зерттеулер арқылы ғана емес, мәдени тәсілдермен де жүзеге асуға тиіс. Мәселен, бірнеше рет ұйымдастырылған суретшілер симпозиуымында әлемдік қылқалам шеберлері Айыртау келбетін кенеп бетіне түсіріп, Ботай жылқыларының өнер әлеміндегі орнын қалыптастырып кетті. Қала кіреберісіндегі еңселі ескерткіш те көрген жанның ойына шоқ тастайды. Бұл жобалардың бәрі жылқы алғаш қазақ даласында үйретілген деген тұжырымды бекітіп, қоғамда орнықтыра түседі. Бұған қоса биыл 6 мың жыл бұрынғы тарих туралы фильмнің түсірілімі басталды. Жаңа туынды да тарихымызды танытып, басқаларды мойындатарлық үлкен қадам болмақ.
«Ботай. Ғайып ғалам» – тарих туралы деректі фильм емес. Туындының сюжеті көрерменді қызықтырып әкететін шым-шытырық оқиғаға негізделген. Мұндай идея қоюшы режиссер Андрей Авдеевтің ойында бұрыннан жүрген. Режиссер 2008 жылы Париж музейінен қазақ даласында жылқыны қолға үйрету туралы ақпарат көріп, қайран қалады. Содан бері фильм түсіру туралы ой көкірегінде ұзақ уақыт пісіп-жетіліп, аяғы үлкен жобаға ұласқан. Шығармашылық топ Мысырдың көне пирамидалары немесе Италияның ежелгі қалаларын танытқандай, қазақ даласының қасиетін көрсетер туынды түсіруді мақсат еткен.
– Елімізде осындай тарихи орындар бар екенін көбі біле бермейді. Солтүстік Қазақстан – табиғаты тамаша аймақ. Мұнда бұрын таспаға түспеген жерлер жетерлік. Сюжет бойынша бас кейіпкер Олжас жазықсыз жала жабылған атасының атын ақтап алу үшін өткен шаққа саяхаттайды. Сол сәтте оның басынан сан түрлі оқиғалар өтеді. Кейіпкерлер көлікпен де, атпен де жарысады. Шетелдік танымал туындылар сияқты тарихи деректерді қызықты оқиғамен байланыстыруға тырысамыз, – дейді режиссер.
«Ботай. Ғайып ғалам» жобасы Ұлттық киноны қолдау орталығында іріктеуден өтіп, қаржылай қолдауға ие болған. Шығармашылық топ сценарийді ойдан құрап, бірден түсірілімге кірісіп кетпеген. Ежелгі тарихты, көшпенді мәдениетті, атбегілік өнерді әбден зерттеп, таспаға енетін жерлерді мұқият таңдап, ұзақ дайындалған. Туындыға тарихшылар да кеңес беріп, бәрінің шынайы болуына үлес қосқан. Өйткені басты мақсат – көп қаралым жинап, қызықты оқиғаны баяндау емес, Ботайдың бай тарихын паш ету.
Фильмнің түсірілім тобында 60 маман жұмыс істейді. Негізгі актерлік құрам – 40 адам. Оның сыртында жүзден астам кісі қосымша рөлдерде. Алдымен облыс орталығындағы локациялар камераға түссе, кейін актерлер Айыртау ауданына аттанған. Басты рөлдерді сомдауға республикалық «JARQYRA» кастингінен өткен үздік актерлер шақырылған.
– Біз үшін жылқыны қолға үйрету сондай үлкен жаңалық емес сияқты көрінеді. Алайда бұл жетістік адамзат тарихына елеулі әсер етті. Бұл алғаш от жағу немесе ғарышқа ұшумен пара-пар өнертабыс еді. Атқа мінген көшпенділер кең далада мемлекет құрды. Олар батыс пен шығысты жалғап, әлем халықтарының тарихында із қалдырды. Сюжет үш кезеңді қамтиды. Кейіпкерлер қазіргі кезең, қуғын-сүргін жылдары мен ежелгі дәуірге саяхаттайды. Ботай көпшілік жиі келетін, елге танымал тарихи орынға айналғанын қалаймыз. Бұл да Алтын адам, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты еліміздің терең тарихын танытар бренд болмақ, – дейді сценарист Еркебұлан Әлімжанов.
Оқиға желісіне сай фильм бірнеше локацияда түсіріледі. Мысалы, кейіпкерлердің көлікпен қуғынға түсетін жері Конституция көшесінде таспаланған. Ал зерттеушінің студенттерге Ботай тарихын баяндайтын жері университет аудиториясында өткен. Онда тарихшы рөлін университет оқытушысы Анатолий Плешаков ойнаған. Зерттеуші өз рөлі мен мамандығының арасында айырмашылық аз болған соң, камера алдында қысылмағанын айтады. Бұған қоса ол түсірілім барысында режиссерге кеңес беріп, көмектесіп отырған. Ал құпия үңгірдегі оқиға үшін арнайы құрылыс салынған. Мамандар бірнеше апта бойы шаруашылық ғимарат ішінде үңгірдің ішіндегідей әсер беретін орынды дайындаған. Бұл үңгірде Ботай жылқысының тылсымы көп бассүйегі болуы тиіс. Айыртау ауданындағы Ботай ескерткіші мен Имантау-Шалқар аймағы да шешуші оқиғалар орнына айналған. Режиссер өңір табиғатын ешқандай компьютерлік әрлеусіз дәл сол қалпында көрсетуді жоспарлап отыр. Ал бақсы бетпердесін таныстыру орнын түсіру үшін Ботай арт-галереясы таңдап алынған. Мұнда актерлермен қатар қала тұрғындары да түрлі рөлде ойнап, фильмнің сәтті шығуына өз үлестерін қосқан. Бұдан бөлек, түсірілім Аққайың, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жалғасады.
– Мен сомдайтын адам – фильмдегі ең басты кейіпкерлердің бірі. Ол күтпеген жерден қаһарманға айналып, басқаларды құтқарады. Бұл жобаға ұзақ дайындалдым. Актерлік шеберліктен бөлек дене дайындығы да қажет. Өйткені күрделі трюктерді сақтандырусыз орындаймын. Суда, көлікте, ат үстінде жарысатын оқиғалар көп. Мұндай фильмдер тәуекелді қажет етеді. Осындай тамаша жобаның қатысушысы болғаныма қуанамын, – дейді актер Слава Никифоров.
Кино түсіру ұзақ уақыт пен еңбекті қажет етеді. Актерлер Қызылжардың жаңбыры мен ыстығына қарамай тоқтаусыз жұмыс істеуде. Фильм мемлекеттің отандық киноиндустрияны қолдау бағдарламасы аясында түсіріліп жатыр. Шығармашылық топқа облыс әкімдігі де қажетті жағдай жасаған. «Ботай. Ғайып ғалам» келер жылы көрерменге жол тартпақ. Алда фильмді басқа тілдерге аударып, халықаралық деңгейде көрсету жоспары бар.